Ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып көз жұмған

1 508

Фото:©depositphotos.comДенсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде қайтыс болған 29 жастағы ер адамның өліміне қатысты ресми мәлімет ұсынды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 17- ші мамыр күні қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасқан кинотеатрда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам сеанс басталар алдында тағам сатып алып, өзін жайсыз сезінген. Куәгерлердің айтуынша, біраз уақыттан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Оқиға орнында болған адамдар алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Кейін жедел жәрдем шақырылғанымен, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «103» қызметіне шақырту 17-ші мамыр күні сағат 18:13-те түскен. Хабарламада кинотеатрда ес-түссіз жатқан ер адам туралы айтылған. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына алты минут ішінде, яғни сағат 18:19-да жеткен.

"Шақырту картасына сәйкес, бригада келген сәтте биологиялық өлім белгілері тіркелді: ес-түссіз, тыныс алу жоқ, ЭКГ-да асистолия, тері жамылғылары бозғылт-көкшіл, мәрмәр тәрізді. Қарашықтар кеңейген, жарыққа реакция жоқ. Белоглазов симптомы оң. Өлім фактісі расталды", – деп хабарлады министрлік.

Медициналық қызметкерлер қажетті реанимациялық шараларды жүргізгенімен, науқастың қайтыс болғаны тіркелді. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі анықталып жатыр. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері мен қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда, сотқа дейінгі іс жүргізудің толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігі қамтамасыз етіледі",- деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.