4 курс студенті жұмыс істеймін деп қолынан айырылды

1 549

Фото: ©Бейнежазбадан скриншотСемей қаласында жергілікті жоғары оқу орнының 4-курс студенті өндірістік жарақат салдарынан бір қолынан айырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға кірпіш өндіретін цехтардың бірінде болған.  22 жастағы Нұрасыл оқу ақысын өз күшімен төлеу үшін қосымша табыс табуға бел буған. Ол күн сайын шамамен 12 мың теңге жалақы алатын қара жұмысқа орналасқан. 

"Цементті көтеріп, апараттың үстінде тұрғам. Цементті салған кезде аяғым тайып, ішіне қолым кіріп кетеді. Өзім жұлып алдым. Талып қалдым. Қарасам, ішіне кіріп бара жатырмын. Көзімді ашып, артқа қарай құладым", – деді студент Нұрасыл Жаңабаев.

Куәгерлердің айтуынша, жігіт қатты қан жоғалтып, есінен танып қалған. Оны цех қызметкерлері жедел түрде ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер бірнеше сағатқа созылған күрделі ота жасағанымен, қолын сақтап қалу мүмкін болмағандықтан ампутация жасауға мәжбүр болған.
Жәбірленушінің туыстары мен жақындары оқиғаға кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылуын талап етуде. Анасының айтуынша, ұлы еңбек еткен мекеме тарапынан әзірге материалдық немесе моральдық көмек көрсетілмеген.

«Балам оқуын жалғастырып, болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандайтын. Әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің заң алдында жауап беруін қалаймыз», – дейді ол.

Оқиғаға байланысты еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрғанын мәлімдеді, алдағы 10 күн ішінде өндірістегі жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру қорытындысын жарияламақ. Егер жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталса, заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта студент дәрігерлердің бақылауында. Оның денсаулық жағдайы тұрақты деп бағалануда. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқандығын хабарлаған.