Үш жасар баланы ат үстіндегі адам басып кеткен
Бірнеше адам шағын ауылдың көшесімен жылқымен жүріп өтіп, "жарыс" ұйымдастырған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Салдарынан үш жасар бала аттың астында қалып, ауыр жарақат алған.
Артынша олар баланы көтеріп, үйдің ауласына алып келген. Бірден жедел жәрдемге хабарластық. Ешкім алмады. Аулада көлікпен өтіп бара жатқан кісілерді абысыным тоқтатып, ауруханаға алып барды. Емханаға барған кезімізде екі жедел жәрдем көлігі тұр екен. Олар балама бірден система салды. Артынша олар көлікке отырғызып, алдынан полицейлер де шығып, көмектесті. Дәрігерлер 40 минут кешіккенде бала өліп кетуі мүмкін еді деді. Баламды ауруханада жансақтау бөліміне жатқызып, артынша операцияға бірден жатқызды. Баламның бауыры езіліп кеткен. Дәрігерлер бауырын тікті. Келесі күні баламның қолы сынғанын хабарлады. Наркозбен ұйықтатып, тағы ота жасаймыз деді. Екінші наркоздан кейін баламның жағдайы қиын болып тұр. Көзін ашпады, атын атаса ешқандай әрекет етпеген балам. Оянады, бірақ қайтадан ұйықтап қалады, - дейді баланың анасы.
Салтанат Ибраеваның сөзінше, баласына екі сағатқа жуық ота жасалған.
Кеше дәрігерлер асқазан асты жарылып кеткенін хабарлады. Бірақ оны қарауға бір аптадай уақыт қажет екен. Баламның бауыры емделген соң нақтылап айтады. Одан бөлек басындағы қылтамырлары жарылған. Бала өте қатты шок алған. Себебі үлкен тұлпар үш жасар баланы аунатып, жұлқып жіберген, - дейді Салтанат.
Баланың анасы жігіттер жарысты арнайы ұйымдастырғанын, аяқ астынан болған нәрсе емес екенін айтады.
Көшеден бір емес, екі рет өткен. Көшеде балалар жүретінін біледі. Неге айдалаға барып шаппайды?, - деп қынжылды Салтанат.
Оқиғаға қатысты Ақмола облысының полиция департаменті дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, осы жылдың 5-ші маусымында Талапкер ауылында жылқы 2022 жылы туған баланы басып өткен. Бала емдеу мекемесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полицейлер.







