Ер адам көшеде бейтаныс әйелді арқанмен буындырып өлтірмек болған

1 506

Фото:© Видеодан скринАлматы облысындағы Шамалған ауылында ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелге шабуыл жасаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Әйелдің жақындарының айтуынша, оқиға 6 - шы маусым күні кешкі сағат 20:05 кезінде өзен бойындағы жолда болған. Ер адам әйелді өлтіретінін айтып, қорқытып, үнін шығармауды талап еткен. Жәбірленушіні айналада жүрген адамдар құтқарып қалған, алайда күдікті қашып үлгерген. Ол бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ер адамның жеке басы әлі анықталмаған. Оқиғаға қатысты Қарасай ауданының әкімдігі ресми түсініктеме берген.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді аудандық әкімдіктен.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайды бақылауға алғанын хабарлаған. 

 Оқиғаның толық мән-жайын ашу және күдіктіні ұстау үшін кешенді шаралар жүріп жатыр.«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады. Тергеу жалғасуда», – деді ведомство.