«Домбыраға рұқсат бердік» деген Fly Arystan жолаушыға ақы төлеткен
1 505
Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман Fly Arystan әуе компаниясының домбыра алып жүруге қатысты талаптарын сынға алды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Компания ұлттық аспапты бортқа кіргізуге рұқсат бергенімен, жолаушылар үшін қосымша қолайсыздықтар болған.
«Ұшақта домбыраны алып жүруге рұқсат берді деп еді. Сөйтсек, Fly Arystan компаниясына қосымша 5 мың теңге төлеуің керек екен. Бес мыңды қойшы... Енді бір адамның екі қол жүгін алып өтуіне тыйым салып тастапты. Қолыңда домбыраң, шағын коферде сахналық киімің болады. Екеуінің біреуін багажға тапсырасың. Бұлардың домбыраға рұқсат бергенімен, бәрібір қорлауы қоса жүргенін бүгін біліп қайран қалып отырмын», – деп жазды ол.
Air Astana рейстерінде жолаушылар домбыра мен қол жүгін еш кедергісіз алып өте алады. Осыған байланысты әнші Fly Arystan-ның ұлттық аспапқа қатысты ұстанымына түсінбей отырғанын жеткізген.
«Fly Arystan Air Astana-ның ішінен құрылған компания екен. Air Astana ұшақтарына домбыраңызды да, қол жүгіңізді де кедергісіз алып өтуге болады да, Fly Arystan неге домбыраға доңайбат көрсетіп келеді?» – деп жазды ол.







