Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол биыл толығымен аяқталады
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа Қызылорда-Жезқазған автожолының Жезқазған бағытындағы бөлігінің құрылысы қашан аяқталатыны, жолдың пайдалануға берілетін мерзімі туралы сұрақ қойған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ порталына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, жолдың Қызылорда бағытындағы бөлігі өткен жылы пайдалануға берілген. Ал Жезқазған бағытындағы құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатқандықтан, халық нысанның қашан толық аяқталатынын күтіп отыр.
Жалпы еліміз бойынша биыл 11 мың шақырымнан астам жол күрделі, орташа жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылған.
Сондай-ақ, жұмыстар жаңа көпірлер салу мен абаттандыруды қоса алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да жүргізіліп жатыр.
Алдағы жобалардың қатарында ұзындығы 765 шақырым, құны 725 млрд теңге болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы бар. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту шеңберінде «Ақтөбе-Қызылорда» учаскесі екінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылатын болады. Ол бойынша жұмыстарды биыл бастау жоспарланып отыр.







