Арқалық, Жезқазған, Абай: Қазақстандағы дамуы жағынан ең артта қалған қалалар жайлы мамандар айтып берді

959

Әлемдік рейтингтерде Қазақстандағы қалалар арасында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы анда-санда ілініп жүргені болмаса, өзге қалалар мен елді мекендер жайлы сөз жиі қозғала бермейді. Еліміздегі дамуынан үміт күттіретін, ең перспективті және керісінше артта қалған, депрессивті қалалар мен өңірлер қандай?  Stan.kz тілшісі мамандардан республикадағы қалалар мен елді мекендердің жағдайы жайлы сұрады.


Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары әртүрлі облыстардан келген тұрғындардың жиынтығынан тұратын болғанымен, мұнда кез келген адам үшін жұмыс пен ақша табуға мүмкіндіктер көп болып саналады. Батыс Қазақстанда орташа жалақы жоғары болғанымен, мұнда қомақты қаражытты көбіне арнайы мамандар қатары ғана алады, көбіне бұл – мұнай саласының мамандары. 

Өңір, қаланың дамуы тікелей азық-түлік бағасы мен жалақы мөлшері, жұмысқа тұру бойынша мүмкіндіктер, білім беру саласының дамуы, денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі, инфрақұрылым сияқты факторларға байланысты.

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2021 жылдың екінші жартыжылдығына арналған деректерін салыстыра келе, ай сайынғы орташа жалақы бойынша: Атырау (398 мың), Маңғыстау облысында (353 мың теңге), Нұр-Сұлтанда (324 мың теңге) ең жоғары көрсеткіш тіркелетінін, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (189 мың теңге) тіркелгенін атап өтуге болады. 

Қазақстанда 2020 жылғы статистика бойынша, 27 моноқала мен 41 шағын қала бар, шамамен 10 мыңнан жоғары елді мекен бар. Одан бөлек, кішкентай қалалар көп. Даму жағынан қалып келе жатқан қалалар да аз емес. Оларды дамыту бойынша арнайы бағдарламалар да көзделген. Соның бірі Өңірлерді дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

Қазақстандағы перспективті қалалар 

Экономист Арман Байғановтың айтуынша, облыс орталықтарынан бөлек, егер ресурстар бөлінетін болса, кіші қалалар да болашағынан үміт күттіреді. Сөзінше, 10 мыңнан 50 мыңға дейінгі халқы бар қалаларды кіші қалаларға жатқызуға болады.

“Мұндай кіші қалалар ретінде: Қостанай облысындағы Қаратау, Семей облысында Курчатов қаласын ерекше атап өтуге болады. Азаматтардың арасында болашақта ауыл-аймақта тұрғысы келетіндер бар екенін ескерсек, оларды перспективті деп атауға болады.

Үш мегополистегі халық саны өте көп. Шамамен Қазақстан халқының 30 пайызы тұрады. Одан бөлек, Облыс орталықтары жақсы дамып келе жатыр: Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және т.б. Ел дамыған сайын түптің-түбінде қалаға көшу процесі урбанизацияға әкеледі. Болашақта кіші қалалар да дамуы мүмкін. Меніңше, ауыл-аймақта тұратын адамдар саны азаяды. Ауыл шаруашылығының шетелдегідей тиімділігі арта түссе, онда адамдар ауылда қалып тіршілігін жасауы да ғажап емес”, – дейді экономист. 

“Халық санының көбеюі мен моноқалалардың көп болуына байланысты Оңтүстік Қазақстандағы өңірлер мен қалалар депрессивті емес. Ал Түркістан облысында дамуы бойынша артта келіп қала жатқан қалалар жоқ. Шымкент те қарқынды дамып, туу көрсеткіші жоғарылап жатқанын көреміз”, – дейді ол. 

Маман сондай-ақ, аралас ұлттар тұратын аймақта жұмыс орындары көбірек болатынын атап өтті.  

“Аралас ұлттар тұратын қала, елді мекендерде әрдайым жұмыс орны көп, сауда-саттық тұрақты дамиды, өмір сүру жағдайы жақсырақ. Азық-түлік бағасына келсек, әрдайым мегополистерде өнімдердің бағасы арзандау болады. Себебі онда логистика, жеткізу қызметтері жақсы дамыған. Ауыл-аймақ, кіші қалаларда дүкендердегі баға жоғарылау. Шаштараз сияқты қызметтер арзан болуы мүмкін, ал тағамға келгенде қымбат”, – дейді Арман Байғанов. 

Қаржы маманы Расул Рысмамбетов ірі қалалардың дамуына қомақты қаражат бөлінсе де, инфрақұрылым бойынша жағдай нашар екенін алға тартады.

“Үкімет тарапынан өңірлерді дамытудың нақты дамуға бағытталған саясатының байқалмауына байланысты, қазіргі уақытта тұрғындары көп және мемлекет қомақты қаржы бөлетін ірі қалалар жақсы дамуда.

Алайда Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды сияқты қалаларда инфрақұрылымның даму бағыты нашар екенін байқаймыз. Мемлекет оларға қаражат бөлсе де, тұрғындар үшін жайлылығы артып келе жатыр деп айта алмас едік. Бұл қалалардағы халық "ел ішіндегі босқындар" есебінен, яғни өмір сүру деңгейі одан да нашар ауылдардан, шағын қалалардан келіп жатқан адамдармен толығып отыр”, – дейді ол.

Неге қалалардағы экономикалық жағдай біркелкі бола алмайды деген сұраққа маман былай деп жауап берді.

“Үкімет өнеркәсіпті іске қосу, барлық қаланы байланыстыратын сапалы жолдарды жүргізу мәселесіне келгенде тығырыққа тіреліп отыр. Сондықтан әзірге аймақтарды дамытудың нақты саясаты жоқ, есесіне шағын қалалар жағдайы әр уақытта қиын болады, себебі онда азық-түлік жеткізу қиын, олардың бюджетінің көлемі аз, ал жергілікті әкімшіліктер оларды қалай дамыту қажет екенін білмейді”, – дейді ол.

Қазақстандағы “өлі қалалар” қандай?

Арман Байғановтың айтуынша, депрессивті қалалар негізінен Солтүстік, Орталық Қазақстанда орналасқан. Оның себебін сарапшы жұмыс орындарын ұсынатын өндірістің болмауымен байланыстырады.

“Қазақстанда өндіріс саласы алға қойылмаған. Жұмыс өнімділігі ТМД елдері, әлем елдері арасында өте төмен. Мәселен, Израильде бір фермер 50-100 шақты адамды қамтамасыз ете алады. Ал бізде ауыл шаруашылығымен айналысатын адам басқаларды емес, өз отбасын бағып-қағуға табысы жетпей жатады. 
Орташа жалақысы аз қалалардың бірі – Тараз. Мұнда тұрғындардың негізгі бөлігі ауыл-аймақтарда тұрады. Тараздың өзінде 300-400 мың адам тұрса, қалған облыстарда миллионнан аса адам қоныстанған. Жаңатас, Шу, Қаратас ауылдары қазба байлықтарын өндіру арқылы тұрақтылықты сақтап отыр. Жамбыл облысында артта қалып отырған қалалардың ішінде Қаратау қаласын атауға болады”, – дейді ол. 

Маманның айтуынша, дамуы бойынша артта қалған қалалардың бірі Қостанай облысындағы Арқалық қаласы.
 
“Мәселен, Қостанай облысы Арқалық қаласында 90-жылдары 100 мың тұрғын болған. Қазіргі жағдайын алып қарасақ, соғыстан кейінгі күйге түскендей, 30-40 мың тұрғыны ғана қалған. Қаланы тек егін мен мал шаруашылығының арқасында өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан ауыл-аймаққа ешкім келгісі келмейді, қалаға кетеді. Егер мемлекет ауыл шаруышылығының тиімділігін арттырса, ауыл-аймақтар да сөзсіз дами түсер еді”, – дейді Арман Байғанов.

Қарағанды облысындағы кіші қалалар: Қостанай облысындағы Абай, Шахтинск, Жезқазған, Арқалық, Павлодар оболысында Иртышск-ті депрессивті қалалар тізіміне жатқызуға болады, дейді маман.

“Бұлар тастанды, “өлуге таяу” қалалар. Неге? Себебі олардың негізгі бағыты көмір өндіру болатын. Ал көмір экологияға зиян болғандықтан оны алдағы уақытта электр энегриясымен алмастырады. Көмір зауыттарының болашағы жоқ болғандықтан, осы елді мекендердің де келешегіне алаңдаушылық бар”, – дейді ол. 
Айтуынша, ауыл аймақта халықтың 40 пайызы тұрса, экономикаға Жалпы ішкі өнім 4-5 пайызды ғана құрайды. Ал кәсіппен айналысатын қала тұрғынын экономикаға пайдасы 10 есе жоғары. Сондықтан табыс та ауылда аз болады. 

“Перспективті емес қала ретінде Жезқазған қаласын атауымыздың себебі қазір оны “Қазақмыс” корпорациясы ғана қамтамасыз етіп тұр, себебі пайдалы қазба ресурстары азайып жатыр. Сол сияқты, Қостанай облысындағы Қайынды елді мекенінде 3 мың тұрғыны болған, ал соңғы жылдары тек 200 адам қалған. 30 жылда онда тек зейнеткерлер қалған. Жұмыс болмаған соң бәрі құрылыста жұмыс істейді. Жергілікті мектептерінде 30-40 оқушы ғана оқиды. Мемлекетке мұндай аз ғана оқушыға мектепті қамтамасыз ету тиімді емес. Мұндай ауыл-аймақтар болашақта жойылып та кетуі мүмкін. Тек фермерлер, ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар қалған, негізгі халықтың бөлігі қалаға қарай ойысады”, – дейді экономист.

Перспективті емес қалаларды дамыту мақсатында қандай шаралар ұйымдастырылуы қажет?

Расул Рысмамбетов мемлекет ең алдымен өмір сүруге қолайлы инфрақұрылым жасауы қажет екенін айтады.

“Не істерін білмей дал болған астананың елді-мекендерді оңтайландыруға тырысып жатқанына бірнеше жыл болды. Сондағысы, тұрғындарды үкімет дамытуға аз көңіл бөлетін елді мекендерге көшіріп жатыр. 

Өкінішке қарай, мемлекет өзінің қазіргі саясатында үкіметтің негізгі міндеті – азаматтардың жайлылығы екенін ұмытса керек. Көптеген мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, ақша да жұмсалып жатыр, бірақ мұндай елді мекендерде өмір сүру қолайлығы одан артып жатқан жоқ. 

Өмір сүруге қолайлы болу үшін ең біріншіден инфрақұрылым дұрыс болуы тиіс: жол, электр энергиясы, су, адамдарға негізделіп құйылатын инвестиция. Бір кәсіпорынға тәуелді моноқалаларда тұрғындарды жұмысқа орналастыра алатын жаңа өндірістерді іске қосатын уақыт жетті. Сонымен қатар, кез келген қалада бастысы – тұрғындар, сондықтан адамдарға өз еңбегімен ақша табуға мүмкіндік беріп, өндірісті өздері ашып, тұрмысын реттей алатындай жағдай жасалуы тиіс”, – дейді ол. 

Қаланың не ауылдың дамуы тікелей басшыға байланысты

Экономист Бейсенбек Зиябеков қаланың, өңірдің преспективті не депрессивті болуы тікелей қалаға байланысты емес, дейді.

“Депрессивті қала, ауыл болмайды, үкімет болады. Депрессивті деген – шартты нәрсе. Біріншіден, бұл тіклей басшыға байланысты. Қай қаланы алсақ та, бүгін көште қалған қала ертең дамып кетуі мүмкін. 
Қаланы, ауылды ретке келтіру үшін білікті маман қажет. КСРО кезінде “депрессивті ауылдардың” тізімі болатын. Бірақ оны жою үшін емес, көмектесу үшін әрекет жасалатын. Ақмола облысында Родина атты шаруашылық бар. Оның маңында Родинаға ұқсас жүз шақты ауыл болса, олардың бірі де дамымаған. Ал Родина басшысының арқасында жағдайы жақсарып келеді. Бәрі адамның ойына, қабілетіне, талантына байланысты”, – дейді ол.

Кішкентай қаланың аймағындағы ауыл дамымаса, қала дамымайды, дейді маман.

“Әрбір қаланың болашағы бар. Болашасыз жүйе болмайды. Тек соны көшке жетелейтін басшы жетіспейді”, – дейді Бейсенбек Зиябеков. 

“Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан қалалары даму үстінде”

Саяхатшы блогер Ұлан 88 қаланың 78-інде болған. Және жыл сайын қалаларға барып, тұрақты тұрып, уақыт өткізеді. Саяхатшы өзінің тәжірибесі мен қалалардың дамуындағы өзгерістерді айтып берді. 

“Қазақстанның барлық ірі қалаларында болдым. Алматы, Тараз, Қызылорда, Орал ең есте қаларлықтай қалалар. Бұл қалаларда біраз уақыт тұрып та, серуендеп те үлгердім. Кей қалаларда он шақты рет болдым. Ақтау соңғы жылдары қатты өзгеріске түскен. Жыл сайын онда жаңа құрылыстар, жаңашылдықтар пайда болуда. Ал Қарағанды туралы олай айтпас едім. Бұған дейін жыл сайын барып тұратынмын, айтарлықтай өзгерістер байқамадым. Павлодар қаласы да қазір жақсы дамып келе жатыр. Бірінші рет келгенде түнеріп тұрғандай көрінді, кейінгі жолдары жағалау ашылды. Серуендеп, демалып қайттық. Қазір астанадан Павлодарға дейін жол салды. Бұл да тиісінше жақсы прогресс. Талдықорғанда мегополистер сияқты қарқынды дамымаса да, тұрақты түрде көркейіп келе жатыр. Қызылорда да екі рет болдым. Бірінші рет барғанда ол жақта іліп алар ештеңе болмайтын, объектілер салынбаған, даму жағынан кенже қалып жатқан. Соңғы рет 2017 жылы жаяу жүргінші жолдары салынып, жарықтандыру жүйелері қосылған. Қаланы безендіріп қойған, қала “тіріле” бастаған. Қазір одан сайын көркейіп келе жатыр. 

Шымкентке соңғы үш жыл тұрақты барып тұрамын. Жыл сайын жаңа өзгерістерді байқаймын. Үш ай бұрын барғанда жаңа саябақтар мен Цитадель археологиялық объекті салынған. Қостанай қаласында бірнеше жыл бұрын болдым. Оңтүстік қалалардан қатты архитектурасы жағынан ерекшеленеді. Бірінші рет келгенде қатты таңғалдырды. Таза, жинақы қала. Орталықта серуендеп біраз қыдырған едік. Совет одағы кезінен қалған және одан ертерек тұрғызылған үйлер қаланың сиқын келтіретіндей. Қостанай тағы да баруға тұрарлық қала деп айтар едім. Өскеменде жақында болып қайттым. Жаңа аудандар мен бір мешіттің салынғаны болмаса, айтарлықтай өзгешелік байқадым. Жасыл қала, бірақ зауыттардың көптеп салынуына байланысты экологиялық тұрғыдан нашарлау деуге болады. Орал қаласына соңғы рет саяхаттап 2018 жылы бардым. Оған дейін де бірнеше рет барған болатынмын. Әдемі үйлер, ескерткіштер, құрылыстар пайда болып жатыр. Алайда отырғызылған ағаштар әлі өсіп үлгермеген, жасыл аймақтар аз. Ақтөбеде екі рет болдым, екі рет барғанда да қала онша ұнай қоймады. Себебі жолдары нашар, өзінің иісі бар. Тұрғындардың айтуынша, зауыттар шығаратын қоқыс, заттардан иіс шығады. Бұл қала астананың кейбір жерлеріне қатты ұқсап кетті. Ақтөбеге қайта баруға да ынтызарлық жоқ”, – дейді ол.

Блогердің айтуынша, дамып жатқан қалалар тізіміне: Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Өскеменді жатқызады.

“Көп уақытымды елордасында, Шымкентте, Қарағанды және Тараз, Ақтау қаласында тұрып өткізген сияқтымын.  Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Өскемен бір орында тұрмай, өздеріне туристерді жинап жатқан қала деп айтар едім. Экология жағынан тазарақ қала ретінде Ақтау, Оралды айтар едім, қалған қалаларда кәсіпорындар, зауыттар көп”, – дейді ол.