Ауруханалар тегін көрсетілуі тиіс түсік жасату қызметі үшін әйелдерден ақша алып келген
Қарағанды облысында ауруханалар жылдар бойы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін көрсетілетін түсік жасату қызметі үшін ақы алып келген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Құқық бұзушылықтарды облыс прокуратурасы медициналық сақтандыру саласына жүргізілген ауқымды тексеріс барысында анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, сақтандырылған науқастар заң бойынша жасанды жүктілікті тоқтату қызметі мемлекет тарапынан толық өтелетініне қарамастан, оталардың ақысын өз қалтасынан төлеген.
Соңғы үш жыл ішінде медициналық қызметтер үшін қосарланған төлемнің 775 жағдайы анықталып, жалпы сомасы 22 миллион теңгеге жеткен.
Прокуратураның араласуынан кейін заңсыз ұсталған қаражатты қайтару жұмыстары басталған. Қазір 218 әйелдің ақшасы қайтарылған. Қайтарылған жалпы сома 7 миллион теңгені құраған, қалған жағдайлар бойынша жұмыс жалғасуда.







