Жалғызбасты ана баспана кезегінен шығарылып, кейін қайта тіркелген
Ақтөбе облысында төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Светлана Шайдуллина тұрғын үй кезегіне қайта енгізілді.- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін ол 10 жылдан астам уақыт бойы баспана кезегінде тұрғанына қарамастан, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясындағы қолдау құқығынан айырылып қалу қаупіне тап болған. Мәртөк ауданында тұратын Светлана жетім балалар санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімінде болған. Ол балалар үйінде тәрбиеленіп өскен және оған қолдау көрсететін жақын туыстары жоқ. Бүгінде оның тәрбиесінде 4 бала бар, олардың бірі ерекше күтімді қажет етеді. Биыл Светлана тұрғын үй кезегінде 15-орынға дейін көтеріліп, жақын арада баспаналы боламын деп үміттенген. Алайда көп ұзамай оның аты кезек тізімінен алынып тасталғаны белгілі болған. Мұндай шешімге оның ұлы Ильяның атына мұрагерлік жолмен тұрғын үй рәсімделуі себеп болған. Дегенмен аталған баспананың жағдайы өте нашар екені анықталған. Үй ұзақ уақыт жөндеу көрмеген, инженерлік желілері тозған және толыққанды тұруға жарамсыз күйде болған. Мамандардың бағалауынша, оны қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет, ал мұндай шығынды көпбалалы отбасының көтеруге мүмкіндігі жоқ.
Оқиға қоғамда қызу талқыланып, жергілікті тұрғындар мен қоғамдық белсенділер мәселені назарға алынған. Нәтижесінде құзырлы органдар жағдайды қайта қарап, Светлана Шайдуллинаны тұрғын үй кезегіне қайта қосу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі таңда көпбалалы ана тұрғын үй кезегінде өз орнын сақтап қалып, мемлекеттен баспана алу мүмкіндігін қайта иеленген. Ол бұл шешім өз отбасы үшін үлкен қолдау екенін айтып, балаларымен бірге тұрақты әрі қауіпсіз баспанаға қол жеткізуді күтетінін жеткізген.







