Ересек әйел өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырып, бөтен отбасының үйінде тұрған

1 507

Фото: Newsflash/NXЕресек әйел бір жылдан астам уақыт бойы өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырып, бөтен отбасының қолында тұрған,- деп хабарлайды Оpennews.kz  ақпарат агенттігі G1 басылымына сілтеме жасап. 

Бұл жағдай Бразилияның Жоинвили қаласында болған. 37 жастағы әйел бір жылдан аса уақыт  өзін 12 жастағы қыз ретінде көрсетіп келген. Ол өзін Габриэле деп таныстырған. Алғашында жергілікті шіркеуге барып, ерлі-зайыптыға басқа штаттан қатыгез ата-анасынан қашып келгенін айтқан. Оның әңгімесіне сенген олар әйелді өз үйіне паналатып, туған қызындай қамқорлық көрсеткен.

Габриэле өзінің аутизмге және басқа да ауруларға шалдыққанын, бала кезінде ата-анасы гормондық дәрілерді күштеп ішкізгенін айтқан. Сол себепті ересек көрінетінін жеткізген. Ол бөтен отбасында 14 ай тұрып, өзін кішкентай қыз сияқты ұстаған. Ұйықтар алдында емізік бөтелкесін құшақтап ұйықтап жүрген. Ал түнде дауысын жіңішкертіп, ұстамасы бар секілді кейіп танытқан.

Әйел мектепке бармаған. Ол асырап алған отбасын “мектепке барсам, әкем тауып алады” деп сендірген. Отбасы оған қатты бауыр басып, “12 жасқа толған” туған күнін атап өткен. Оған қоса әйелдің артық салмаққа қарсы дәрі-дәрмегін сатып алып берген. Тіпті оны ресми түрде асырап алуды да жоспарлаған.

Алайда алаяқтықт әрекетін отбасы мүшелерінің бірі ашқан. Ол жағдайға күмәнмен қарап, полицияға хабар берген. Тергеу барысында Габриэленің бұрыннан осындай алаяқтықпен айналысып келгені анықталған. Ол Бразилияның әр өңірінде осындай алаяқтық схеманы іске асырып келген. Қазір әйел сот шешімін күтіп отыр.