"Бірге әрекет еткен": Бір үйдің үш келіні қамауға алынған
Алматыда қалта ұрлығын жасады деген күдікпен сыған ұлтының өкілдерінен құралған отбасылық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде ұрлық жасап жүрген бейнебаяндарыда таралып кеткен.
Ведомство дерегінше, криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстық схеманың соңғы, үшінші қатысушысын ұстаған. Бұған дейін оның тағы екі сыбайласы қолға түскен. Қазіргі уақытта үшеуі де қамауға алынған.
Тергеу мәліметінше, әйелдер алдын ала өзара рөлдерді бөлісіп, адам көп жиналатын орындарды таңдаған. Негізгі нысандары – базарлар, қоғамдық көлік және халық көп шоғырланатын өзге де орындар болған. Олар осы жерлерде ұялы телефондарды, ақша және алтын бұйымдарды ұрлаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, дәлелдемелер базасын жинақтап, қылмыстық топтың барлық қатысушыларын кезең-кезеңімен анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың Алматы қаласы аумағында жасалған ондаған мүліктік қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Полицейлер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысын тексеріп жатыр.







