Іші өтіп ауруханаға түскен екі жастағы қыз жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан
Ақтаулық қыздың ата-анасы бала жұқпалы аурулар ауруханасына "диарея" диагнозымен түскенін айтқан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Алайда бірнеше күннен кейін оның жағдайы күрт нашарлап, бүйрегі істен шығып, жансақтау бөліміне ауыр халде жеткізілген.
Қыздың туыстарының айтуынша, бала 22 маусым күні "диарея" диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Отбасы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында жүріп, видеоүндеу жариялады. Туыстары емдеу барысында балаға нақты диагноз дер кезінде қойылмағанын, ал тағайындалған ем ауыр асқынулардың алдын ала алмағанын айтып отыр.
Ата-анасының сөзінше, қазір олар үшін бастысы кінәлілерді іздеу емес, қыздарының өмірін аман алып қалу.
Ал Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала ауруханаға энтероколиттің клиникалық белгілерімен түскен. Ауруханаға жатқызылған сәттен бастап оған Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы клиникалық хаттамаларына сәйкес ем жүргізілген.
Ведомствоның хабарлауынша, науқастың жағдайын күн сайын дәрігер мен кезекші медицина қызметкерлері бақылауда ұстаған. Алтыншы тәулікте баланың жағдайының нашарлап, ісіну белгілері анықталған. Осыдан кейін анестезиолог-реаниматологтың кеңесімен қыз бала анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде балаға "гемолитикалық-уремиялық синдром" диагнозы қойылған.
Қазір бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында, мамандандырылған медициналық көмек алып жатыр.







