Ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан
Астанада жүргізуші ер адам мен әйел жолда жүріп келе жатып жанжалдасқан. Салдарынан төбелеске ұласып, әйел ауруханаға түскен. Ауруханаға түскен әйелдің сіңлісі ер адамның агрессивті әрекетіне шағымданып, желіде көмек сұраған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Тұрғынның айтуынша, оқиға 25 маусым күні шамамен сағат 11:00-де Әлімбаев көшесі, 3/2 маңындағы жолда болған.
Оқиға басқа жүргізушінің жолда агрессивті әрекет етуінен басталған. Ол әпкемнің көлігін әдейі бірнеше рет қысып, жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолда қауіпті жағдайлар туғызған. Кейін көлігінен түсіп, жолдың қақ ортасында қорғансыз қызды аяусыз соққыға жыққан”, – деп баяндады ол.
Тұрғынның айтуынша, кейін әпкесінің жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен.
Егер сіз оқиғаға куә болсаңыз, сол жерден өтіп бара жатып, бейнетіркегішіңізге оқиға жазылып қалса, шабуылға дейін осы жүргізушінің жолдағы қауіпті әрекеттерін көрсеңіз, соққыға жығу сәтінің куәсі болсаңыз немесе әпкеме көмектесу үшін тоқтасаңыз бізбен хабарласуыңызды өтінеміз. Бейнежазбаның әрбір секунды, әрбір фото және әрбір куәгердің мәліметі оқиғаның толық мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін”, – деп қосты ол.
Тұрғын осы тұста мән-жай жан-жақты тергеліп, кінәлі адам заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылуын талап еткен.







