Президент тапсырмасы құзырлы орган назарында

25

Президент тапсырмасы құзырлы орган назарында, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн»-деген болатын. Технология дамып, ұялы телефон арқылы кез келген дүниеге оңай қол жеткізетін мына заманда кей адамдар жұмыс істемей-ақ табыс табуды қалайды. Соның бірі интернет алаяқтықпен айналысатын адамдар болып отыр. 


Қаржы пирамидасы деген секілді дүниелер бүгінгі заманның басты дертінің бірі екендігі анық. «Оңай қаражат табасың, тек бастапқы ақшасын салсаң болды» деген сөздерге сеніп қалатын қазақ бауырларымыз кейін өкінішпен сот көмегіне жүгініп жатады.


Жалпы мұндай алаяқтықтың ең көп тараған түрі – арнайы дүкен сайттарынан тауар алу. Яғни, қандай да бір интернет дүкеннен арзан бағада сатылымда тұрған өзіне ұнаған тауарларды көп мөлшерде таңдаған сатып алушы төлемді толығымен жасайды. Ал кейін тауарлары келмей, әлгі дүкенмен байланыса алмай қалып жатады. Тағы бір сауда түріндегі алаяқтықты айта кеткеніміз жөн. Азамат өз көлігін сатылымға шығарып, интернетке жариялайды. Бұл хабарландыруды көрген алаяқтар көлігін сатушы азаматқа хабарласып, көлікті алатындығын және қатты ұнап тұрғандығын айтады. Енді сатушы азамат келіп көруді ұсынған сәтте, «басқа елде жүр едім немесе қалада емес едім, бастапқы ақшасын төлеп қояйын. Ешкімге сатып жібермеңіз, екі-үш күнде барамын» деп сендіреді. Бұл сөздерге сенген азамат өзінің банк карточкасының нөмірін айтады. Сәлден соң әлгі алаяқ сатушы азаматқа хабарласып, ұялы телефонына құпия сөзі бар сандық хабарлама келетіндігін және сол құпия сөздерді айтып жіберуін өтінеді.  Кейін банк карточкасында тұрған қаражатқа алаяқ оп-оңай қол жеткізеді. Осылайша сатушы азамат өзінің алданғанын түсінеді. Негізі интернет-банкингті пайдаланатын азаматтар жақсы біледі. Яғни, түрлі операцияларды орындаған кезде банк код жібереді де, соңына «Жіберілген кодты ешкімге бермеңіз!» деп жазады. Дегенмен келген құпия сөзді алаяққа айтып, өкініп қалып жатады. Себебі келген құпия сөз арқылы сатушы азаматтың интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты арқылы өзі қалаған операцияны жасай алады.


Сонымен бірге алаяқтық жолмен қайыр сұрау түрі де бар екендігін ескере кеткеніміз жөн. Алаяқтықтың бұл түрінде әлеуметтік желідегі танымал адамдардың атынан мұқтаж жандарға көмек көрсету секілді түрлі жарнамалар салады. Алаяқтар арнайы қайырымдылық қорының сайтының немесе аккаунтының көшірмесін жасайды. Көбіне азаматтар мұның жалған парақша екендігін білмей қалады. Сол үшін көмек көрсеткісі келген адам алдымен сол қордың иесімен сөйлесіп, есепшот нөмірін тексеріп алуы қажет.


Айта берсек интернет алаяқтықтың түрі көп. СМС арқылы да «сіз шетелге жолдама алдыңыз немесе сіз біздің қосымша арқылы көлікке ие болдыңыз» деген секілді хабарламалар жібереді. Мәселен, алдымен алаяқтар «сіз бізден тауар алғаныңыз үшін көлікке ие болдыңыз» деп хабарлайды. Тек ол сөз емес «сізге ұтысты жеткізу үшін он мың теңге төлеуіңіз қажет» деп, QIWI-әмиянмен ақшаны салуы керектігін айтады. Ал сәлден соң «біз қателесіппіз, он мың теңге тек рәсімдеу үшін ғана екен. Жол шығыны он бес мың теңге» деп сендіреді. Ал сенген азамат болса, сол қаражатты аударады. Мұнан кейін алаяқтар сендіру мақсатында азаматтың мекенжайы мен өзі туралы толықтай сұрап алады. Уақыт өте түрлі сылтаулар айтып, жеткізу үшін қаржылық мәселелер туындап жатқандығын жеткізіп, ақша сұрай бастайды екен. Қайта-қайта ақша аудара берген азамат күдікпен қарап, енді хабарласудың қажеті жоқ екендігін айтады. Әрі қарай сенбейтінін білген алаяқтар өздері-ақ хабарласуды тоқтатады. Ал қайта хабарласар болсаңыз, телефоны сөндірулі болады.


"Бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналған – осы интернет алаяқтық. Мұның алдын алу бойынша елімізде көптеген жұмыстар жасалып жатқаны белгілі. Дегенмен мұндай алаяқтық саны азаймай тұр. Жалпы аудан бойынша өткен 2022 жыл көлемінде 17 алаяқтық іс тіркелді. Оның ішінде 11-і интернет салдарынан болып отыр. Сонымен бірге 2022 жылы Арал аудандық полиция бөлімінің Facebook әлеуметтік желі парақшамызда алаяқтықтың алдын алу бойынша азаматтарға ескертпе ретінде 22 пост салынды. Ал осы 2023 жылдан бүгінге дейін аудан бойынша 2 алаяқтық іс тіркелді. Оның біреуі осы интернет алаяқтық болып отыр. Facebook әлеуметтік желі парақшамызда 4 пост салынды. Қала көшелерінде «Лэд экраннан» ескертпе жұмысы бір апта көрсетілді. Алдағы уақытта тағы да «Лэд экран» арқылы ескертпе жұмыстары жасалатын болады. Елді мекендерде де арнайы қызметкерлеріміз тұрғындарға ескертпе жұмыстарын жүргізіп келеді. Біздің бөлім алаяқтық істерді тергеп, сотқа жібереді. Кейін жәбірленуші мен алаяқтың арасындағы мәселе осы сот арқылы шешімін табады. СМС кодтар арқылы алдайтын алаяқтар баршылық. Естеріңізге сала кетсек, банктер болсын, құқық қорғау органдары болсын ешқашан сізге телефонмен хабарласып, құпия мәлімет сұрамайды. Егер қажет болған жағдайда банктен өзіңізге хабарласып, қандай да бір мәселені талқылау үшін арнайы бөлімшелеріне шақырады. Себебі ұялы телефон арқылы мұндай мәселелер шешілмейтіні анық", – дейді Арал аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Ембергенов.


Айтуынша, алаяққа тап болған сәтте онымен дауласпай, қарым-қатынасты созу қажет. Егер азамат төлем жасаған жағдайда терминалмен төленген чектерді, әлеуметтік желіде сөйлесілген диалогты сақтауы керек. Осы тұста дереу құқық қорғау органдарына жүгінгені жөн. Азамат берген мәліметтер арқылы мамандар алаяқты табады.


Иә, интернет алаяқтық саны күн өткен сайын көбейіп бара жатқаны рас. Ал оған алданып жатқан халық та жетерлік. Сол үшін келешек жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылық жөнінде білімін кеңейтіп, заң талаптарына бағындырғанымыз дұрыс. Қай жағдайда қалай әрекет етуі керектігін білген адам алданып қалмасы анық.