Тісін емдеткен бала жақ сүйегінен айырылды
Ақтауда тоғыз жастағы Нұрәділдің отбасы стоматологтарды жауапқа тартуды талап етіп отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Анасының айтуынша, баланың тісін емдеткеннен кейін ауыр асқыну пайда болып, төменгі жақ сүйегінің 60–70 пайызы зақымданған. Белгілі болғандай, бала Астанада екі рет күрделі отадан өткен. Дәрігерлер шамамен 15 грамм зақымданған сүйек тінін алып тастаған. Қазіргі уақытта Нұрәділ толыққанды шайнай алмайды, сондықтан тек ұсақталған және жұмсақ тағамдармен ғана тамақтанып жүр. Отбасының айтуынша, бала ұзақ мерзімді ем қабылдап жатыр және алда тағы да медициналық бақылау мен қалпына келтіру шаралары қажет болуы мүмкін. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізілген қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша екі стоматологқа тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланғанын мәлімдеген.
Алайда Нұрәділдің отбасы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, кінәлілердің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп, полицияға арыз түсірген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап, процессуалдық шешім қабылдайды.







