Балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті

1 513

Фото; Әлеуметтік желіАқмола облысында жыл басынан бері 12 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Бір бала оқиға орнында көз жұмды. Қалғаны жарақат алып, ауруханаға жатып шықты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттгі.

Мамандардың айтуынша, жазатайым жағдайдың басым көбі ата-ананың салғырттығынан болады. Қазір өңірде алдын алу шаралары күшейтілді. 

Балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Жаз мезгілінде тіпті көбейген. Үлкендер балаларды қараусыз қалдырып, терезелерге қорғаныш құралдарын орнатпайды дейді мамандар. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдары жазатайым жағдайға әкеледі. Осыған орай жергілікті билік өкілдері мен құтқарушылар бірлесіп, көп қабатты үйлердің терезелеріне бұғаттағышты тегін орнатып жатыр. 

Асқар Көшкімбаев, қала тұрғыны: - Біздің үйде 158 пәтер бар. Оның көбінде көпбалалы отбасылар тұрады. Бүгін арнайы мамандар келіп, тезелерімізге қорғаныш құралдарын орнатып жатыр. Бұл біздің балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге себеп болары анық. 

Жалпы жыл басынан бері өңірде 1654 терезеге бұғаттағыш орнатылды. Бірінші кезекте  көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылары назарға алында. Бұдан бөлек, құтқарушылар ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. 

Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі: - Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға және терезе маңына жиһаз қоймауға үндейді. Біз осы уақытқа дейін екі жарым мыңға жуық жанұямен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Айта кету керек, терезе бұғаттағыш құралдары қаладағы көп дүкендерде сатылады. Бар болғаны бағасы мың жарым теңге. 

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап еліміз де жаңа құрылыс кодексі күшіне енді. Енді көппәтерлі үйлерді қабылдау кезінде жауаптылар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, оның ішінде терезе қорғаныш құрылғыларының болуын қадағалайды. 

Айдын Жеңіс, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы: – Орындалған жұмыстардың сапасы туралы қорытынды берген кезде техникалық қадағалау белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жұмыс жобасын ұсынуға тиіс.  Тұрғын үйді  пайдалануға беру кезінде осы талаптар, яғни үйлердің қабаттылығына қарамастан терезелер де қорғаныш құралдарының болуы қаралады. 

Негізі баланың қауіпсіздігіне ата ана жауапты. Сондықтан мамандар сақтыққа көңіл болу керектегін ескертеді. Былтыр облыста 16 бала терезеден құлап, екеуі қайтыс болды.