Шетелге демалуға барған қазақстандықтар қонақ үйсіз қалған
Қазақстандық сегіз адам Вьетнамға демалуға барамыз деп далада қалған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Туроператордың кесірінен олардың қонақүйлері төленбеген. Олар турды сатқан Kaspi мен Kompass туроператорынан мәселені шешуді талап еткен.
Қазақстандық 4 отбасы Вьетнамның Дананг қаласына Kaspi арқылы Kompass туроператорынан әртүрлі уақытта тур алған. Туристер қалаға жетіп, қонақүйге келген сәтте келеңсіз жағдай болды. Олардың атында ешқандай бөлме алынбаған,- деді Ләйлә Жомартқызы
“Сіздің нөмірлеріңіз төленбегендіктен, броньды алып тастадық” деді. Осылай далада қалдық. Амалсыз Kaspi-ға қоңырау шалдық. 3 сағат бойы нақты жауап болмады, күттіріп қойды. 11:00-ден 19:00-ге дейін қонақүйдің сыртында күтіп отырдық, ешқайда орналаса алмадық. Kompass-та не үшін бұлай болғанын түсіндірмеді”, – деді туристердің бірі.
Кейін Kompass-қа қарасты Кристалл компаниясының өкілі келген. Ол да не болғанын түсіндіре алмай, бұған қатысы жоқ екенін айтқан. Осылайша басқа қонақүйге орналастыратынын жеткізген. Компанияны өкілі 31-нен 3-не дейін La Pavillion қонақүйінде боласыз деген. Одан кейін 4-інен 7-сіне дейін басқа қонақүйге ауыстыратынын айтқан. Саяхатшылар амалсыздан келіскенін айтады. Оның есесіне олар “Кристалл компаниясына еш наразылығымыз жоқ” деп жазып беруге сұраған.
“Қалай наразылығымыз жоқ? Неге шетелде айдалада қалдық? Бұл барлық көңіл күйімізге әсер етті, демалысымызды бұзды. Сондай-ақ әрі қарай өз ақшамызға басқа жерге көшетін болдық. Себебі берілген қонақүйдің сапасы төмен. Қаланың шетінде, яғни Данангтан 45 минут жердегі Хайон деген ауданда орналасқан. Ал бізге қаланың қақ ортасында теңіз көрініп тұратын қонақүйді уәде етті”, – деді Ләззат Жомартқызы.
Kaspi.kz жағдайға қатысты пікір білдіріп, овербукинг болғанын мәлімдеген.
“Қонақ үй артық орын брондағандықтан, туристер бұрын расталған бөлмелерінде қала алмады. Біз жағдайды шешу үшін туроператормен бірден жұмыс істей бастадық. Қазір біз туроператормен және қабылдаушы тараптың өкілдерімен бірге болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін істеу мақсатында осы оқиғаның себептерін мұқият талдау үстіндеміз. Мәселе шешілді. Біз жағдайға тез арада жауап беріп, туроператормен бірлесіп, сол күні туристерге қосымша ақысыз басқа қонақ үйде тұруды ұсындық”, – деп мәлімдеді Kaspi.
Сөздерінше, өтемақы ретінде оларға тегін жеке тур және түскі ас ұсынылған. Kompass туроператоры қонақүй нөмірі төленбеді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, овербукинг екенін тағы да растаған.
“Көшеде ешкім қалған жоқ. Мәселе туындаған бойда туристерге уақытша орналастыру қамтамасыз етілді. Командамыз бен операциялық директор оқиға орнына барып, мәселе толық шешілгенге дейін туристердің қасында болды. Барлық саяхатшы қонақүйге орналастырылды. 1,5 тәулік үшін өтемақы толық төленді”, – деп мәлімдеді туроператор.







