ҚАРАҒАНДЫДА ТІЛСІЗ ЖАУ 5 МЫҢ ГЕКТАРДЫ ШАРПЫДЫ
Қарағанды облысындағы жағдай ушығып барады. Өңірдің төрт бірдей ауданында он күннен бері бұрқ еткен дала өрті басылар емес. Бұрынырақта тұтанған тілсіз жау бүгінге дейін 5 мың гектардан астам алқапты күлге айналдырды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Аптап ыстық пен азынаған қатты жел жағдайды одан бетер күрделендіріп, өртті толық ауыздықтауға мүмкіндік берер емес. Қызыл жалын іргедегі ауылдарға қауіп төндіріп, жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Өртпен арпалыс кезінде екі адам күйік шалып, ауруханаға түсті.
Ақпараттарға сәйкес апаттың басы осыдан екі апта бұрын Бұқар жырау ауданында тіркелген. Ол кезде тілсіз жауды 3 күн дегенде әрең өшірген. Алайда араға санаулы күн салып, өрт қайтадан Қарқаралы мен Ақтоғай аудандарында қайта тұтанған. Көп ұзамай жалын шет ауданының ен даласына жайылды. Жер бедерінің күрделілігі құтқарушылардың жұмысын ауырлатып жатыр. Тау-тасты, тасты-шатқалды аймақтарға өрт сөндіру техникасы түгілі, адамның жаяу басуының өзі мұң.
Дала өртімен күреске қазіргі таңда ауқымды күш тартылған: 620 құтқарушы мен еріктілер, 134 арнайы техника, Ауылдың белі бекем тұрғындары мен Астанадан көмекке жол тартқан 200 сарбаз пен 8 техника.
Тілсіз жау неге өшер емес?
Құтқарушылар жалынды ауыздықтағанымен, табиғаттың тосын мінезі бөгет болып отыр. Сөндірілген жерлердің өзінде шоқ қалып, желдің әсерінен жаңадан өрт ошақтары пайда болуда.
«Негізгі қиындық сол. Малдың тезегі және тамырлар шоқ болып жатыр. Біз өшіріп кеткеннен кейін тұрған желдің салдарынан шоқ ұшып, басқа жақты жалын шарпу қаупі өте жоғары болып тұр», – дейді Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.
Әзірге өрт шарпыған аймақтарда оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.
Қаз
Рус






