"Құны 43 млн теңге": Ерекше балаларға заманауи құрылғы сыйға тартылды
Қазақстанда алғаш рет ExoAtlet Bambini балалар экзоскелеті Алматыдағы ерекше балаларға арналған орталыққа берілді. Бұл қандай құрылғы және оның пайдасы қандай? - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алматыдағы "Арди" қарқынды оңалту және ерте араласу орталығында 160 бала емделіп жатыр. Орталық мамандарының айтуынша, соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар балалар саны артып келеді.
"Мен күніне 13 балаға қызмет көрсетемін. Олар әртүрлі диагнозбен келеді, мінез-құлықтары да әртүрлі. Соңғы екі жылда келіп жатқан балалар саны көбейді. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың арасында туа біткен инсульт пен аяқ-қолдарының дұрыс жұмыс істемеуі сияқты диагноздар бар", – дейді оңалту орталығының маманы Ерсін Мейрамбек.
Бүгін "Арди" орталығына ExoAtlet Bambini инновациялық балалар экзоскелеті сыйға тартылды.
"Бұл құрылғыға өзім де қуанып тұрмын. Экзоскелет балаларға көмектеседі. Оны әр балаға жарты сағат қолданса жеткілікті. Өйткені бала шаршайды", – дейді Ерсін Мейрамбек.
Экзоскелетті алғаш болып Даут есімді бес жасар бала киіп көрді. Ол құрылғының көмегімен алғашқы қадамын жасады.
"Даут 1,5 жасынан бастап емделіп келеді. Бұрын отырмақ түгілі, аунай да алмайтын. Қазір отырады, сөйлей бастады, сөздерді түсінеді. Бүгін экзоскелеттің арқасында алғашқы қадамын жасады. Осындай экзоскелет сыйлаған демеушілерге алғысым шексіз", – дейді Дауттың анасы Хади Касиева.
Экзоскелетті "Сколково" инновациялық орталығының резиденті ExoAtlet компаниясы әзірлеген. ExoAtlet Bambini құрылғысы церебральды сал ауруы бар балаларды оңалтуға және оларды физиологиялық тұрғыдан дұрыс жүруге үйретуге арналған.
Құны 43 млн теңге болатын экзоскелетті сатып алу үшін бірнеше жыл бойы қаражат жиналған. Бұл жұмысты "100% тренинг көшбасшыларының қайырымдылық қоры" жүзеге асырды.
Қаз
Рус






