Перзентханада күйіп қалған баланың анасы дәрігерлердің көңіл бөлмегенін айтып, көмек сұрады
Семейде бір жарым жыл бұрын перзентханада ауыр күйік алған баланың анасы көмек сұрады. Әйелдің айтуынша, дәрігерлер сәбиді емдеп жазамыз деп уәде берген, алайда қазір баланың жағдайына көңіл бөлмей отыр. Әйелдің сөзінше, ұлына операция қажет: сол қолы дұрыс жұмыс істемейді, ал денесін ауыр тыртықтар тартып қалған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Али Берек қазір бір жарым жаста. Баланың денесін тыртық басқан. Ол перзентханада күйік алып, миына қан құйылған. Баланы ота жасау үшін алып кеткеннен кейін арада көп уақыт өтпей оның денесінде қара дақтар пайда болған. Жақындарына балада сирек кездесетін генетикалық ауру болуы мүмкін екені айтылған. Тіпті, сәбиді санитариялық авиациямен елордаға да жеткізген.
Алайда кейін дәрігерлер Алидің күйікті перзентханада алғанын мойындады. Отбасына жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылып, анасының сөзінше, тіпті 3 миллион теңге де берілген. Осыдан кейін отбасы сотқа жүгінбеуге келіскен.
Отбасы баланы үнемі түрлі ем-дом мен процедураларға апарады. Анасы ақылы мамандардың көмегі тиіп жатқанын айтады. Бала тұрақты түрде оңалтудан өтуі қажет. Сондай-ақ анасының сөзінше, терісіне міндетті түрде ота жасалуы керек.
Дәрігерлер тегін медициналық көмек аясында қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтады. Дәрігерлердің пікірінше, әзірге Алиге ота да, арнайы жабдық та қажет емес. Ал туыстарын алаңдатып отырған мәселелердің барлығы, Денсаулық сақтау басқармасының пайымдауынша, инсульттің салдары болуы мүмкін. Сонымен қатар олар отбасы қараусыз қалмағанын айтып отыр.
Ал нәрестенің денесінде күйіктің нақты неден пайда болғаны әзірге белгісіз. Дәрігерлер күйікке себеп болуы мүмкін деген арнайы төсеніштің бұған қатысы жоқ екенін айтқан.
Басқарма басшысының орынбасарының сөзінше, осы жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізілген. Ота жасалған медициналық мекемедегі барлық төсеніштің талапқа сай болғаны анықталған.
Қазір Алиге мүгедектік рәсімделген. Миына қан құйылғаннан кейін бас сүйегіне арнайы пластина қойылған. Қолында, арқасында және аяғында ауыр тыртықтың ізі қалған. Жақындары дәрігерлердің отбасын әрі қарай да көмексіз қалдырмайтынына үміттеніп отыр. Әйтпесе, көпбалалы отбасының мұның бәріне қалтасы көтермейді.
Қаз
Рус






