«Барни» үшін соққыға жығылған Мадинаның мәйітін қайта қазып алды
Алматы облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының денесі қабірден қайта қазылып алынды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.
Оның өліміне қатысты іс бойынша қайта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Бұл туралы оқиға орнынан репортаж дайындаған блогер Жан Ахмадиев мәлімдеген.
Оның айтуынша, зиратқа полиция қызметкерлері мен тиісті мамандар келген. Бұған дейін блогер қыздың өліміне қатысты мән-жайларды көтеріп, алғашқы сараптаманың қорытындысына күмән келтірген болатын. Ол істі қайта зерттеуді талап еткен.
Блогер қабірді ашу қазақы дәстүр тұрғысынан ауыр қадам екенін атап өтті. Алайда оның сөзінше, қыздың өлімінің себебін анықтау үшін осындай шешім қабылдауға тура келген. Мадинаның артында сегіз айлық сәбиі қалды.
Ахмадиев өздері жариялаған кадрларда қыздың денесінен соққы іздері мен бұрыннан қалған жарақаттар байқалатынын да айтты. Олардың қалай пайда болғанын және өліммен байланысы бар-жоғын сараптама анықтауға тиіс.
Қайта тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әзірге жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қайтыс болғаны хабарланды. Полиция өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қаз
Рус






