Балалары жұмыста, ата-анасы «балабақшада»: қарттарға арналған «балабақша» ашылды

1 536

Фото: Qaz365.kzЕлордада егде жастағы адамдарға арналған «Пана» күндізгі орталығы жұмысын бастады, - деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі. 

Мұнда үлкен кісілерді таңертең әкеліп, кешке үйіне алып кетуге болады. Орталықта төрт мезгіл тамақ, тынығатын орын, серуен және түрлі күнделікті іс-шара қарастырылған. «Анамды қайда қалдырамын деген мәселе туындады».

Орталықты ашқан Жанна Нұрланқызы – бұрынғы прокуратура қызметкері, қазір еңбек өтілі бойынша зейнетте. Оның айтуынша, мұндай орталық ашу туралы ой 78 жастағы анасына деменция диагнозы қойылғаннан кейін келген.

“Менің анам 78 жаста, деменциясы бар. Бір кезде анамды қайда қалдырамын, деген мәселе туындады. Пансионаттар бар, бірақ күндіз апарып, кешке алып кететін орын таппадым. Деменциясы бар адамды үйде жалғыз қалдыру қауіпті. Содан осы мәселені бір жыл бойы зерттедік”, дейді Жанна Нұрланқызы.

Оның анасы бұған дейін Петропавлда тұрған. Кейін қызы оны Астанаға алып келген.

Жанна Нұрланқызының айтуынша, қарт адамға күтіммен қатар қарым-қатынас та қажет.

-Анам өз үйінен кеткісі келмеді. Бірақ мен оған: «Қазір үй емес, сенің адамдармен араласқаның маңызды» дедім. Үлкен кісілерге әңгімелесетін орта керек. Күні бойы терезенің алдында балаларын жұмыстан күтіп отырғанын қаламаймыз, – дейді ол.

Таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін

«Пана» кәдімгі балабақша тәртібіне ұқсас жұмыс істейді. Үлкен кісілер таңғы сағат 9:00-де келіп, кешкі 19:00-де үйлеріне қайтады.

Алғашқы жұмыс күні орталыққа екі адам келген. Жанна Нұрланқызының анасын қосқанда, орталықта үш үлкен кісі бар.Күн таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін тамақтану, серуендеу, тынығу, ән айту, сурет салу секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Түскі уақытта тыныш сағат та қарастырылған.

Орталық үш қабатты коттеджде орналасқан екен. Құрылтайшылар ғимарат 25–30 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді деп есептейді. Қозғалысы қиындау адамдарды бірінші қабатқа орналастыру көзделген.

– Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында адамдар бірнеше сағат айналысып, кейін үйлеріне қайтады. Ал үлкен кісілер шаршайды. Бізде олардың жатып тынығуына мүмкіндік бар. Тыныш сағаттан кейін бесін асын ішеді, далаға шығады, сурет салады немесе басқа іспен айналысады, – дейді орталық басшысы.

Балаларына видео жіберіп отырады

Орталық медициналық мекеме емес. Сондықтан мұнда ем тағайындалмайды. Қарттардың тұрақты ішетін дәрілерін туыстары өздері әкеледі.

Егер дәріні белгілі бір уақытта қабылдау қажет болса, қызметкерлер оның уақытылы ішілуін қадағалайды.– Мысалы, қызы «сағат 11-де осы дәрісін беріңіз» деп айтады. Біз дәрісін беріп, видеоға түсіріп, баласына жібереміз. Ол жұмыста отырып алаңдамайды. Әсіресе деменциясы бар адам дәрісін ішкен-ішпегенін өзі ұмытып қалуы мүмкін, – дейді Жанна Нұрланқызы.

Орталықта егде адамдарға арналған бірнеше құрылғы да бар. Құрылтайшылар оларды Сингапурдан алдырғанын айтады. Көз айналасына арналған құрылғы, арнайы платформа және басқа жабдықтар келушілердің пайдалануына берілген.

Айына 300 мың теңге

Орталықтағы қызмет құны бір адамға айына 300 мың теңге.

Бұл сомаға күндізгі күтім мен төрт мезгіл тамақ кіреді. Ас мәзірінде үй тағамдары болады.Қазір орталықта санитар, аспаз, бухгалтер және басшысы жұмыс істейді. Келушілер саны көбейсе, қосымша қызметкерлер алу жоспарланған.

Жанна Нұрланқызы кәсіпті бастау оңай болмағанын айтады. Орталық орналасқан коттедж жалға алынған. Оның үстіне жаңа форматтағы қызметке сұраныс қандай болатыны бастапқыда белгісіз болған.

– Әрине, қорқыныш болды. Бірақ бұл мәселені өзім жақсы түсінемін. Өз анам үшін де осындай орта қажет болды. Оның қатарластарымен сөйлесіп, ән айтып, көңілді жүргенін қалаймын, – дейді ол.

Орталық франшиза негізінде ашылған. Жоба авторлары бұған дейін осындай бағытта жұмыс істеп жүрген мамандардың тәжірибесін зерттеп, құжаттарын дайындаған.

Неліктен «Пана»?

Орталыққа «Пана» атауын құрылтайшылардың өздері таңдаған.– Адамдар өзіне пана тапсын деген мағынада атадық. Біздің мақсатымыз – үлкен кісілерге балалары жұмыста болған кезде қарайтын, араласатын орта қалыптастыру, – дейді Жанна Нұрланқызы.

Орталық иелерінің айтуынша, жоба туралы естігеннен кейін Алматы мен Өскеменнен де хабарласқандар болған. Егер Астанадағы орталықтың жұмысы жолға қойылса, оны басқа қалаларда да ашу жоспарда бар.

Қазір «Пананың» жұмысы енді басталды. Ал бұл идеяның тууына себеп болған Жанна Нұрланқызының 78 жастағы анасы да күн сайын осы орталықта болады. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.