АҚШ-та бірінші гендерлік-бейтарап төлқұжатта жынысы "Х" деп берілді

495

АҚШ билігі алғаш рет гендерлік-бейтарап төлқұжат берді- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  BBC басылымына сілтеме жасап. 

Құжат Дана Ззым есімді 66 жастағы тұрғынға берілген. Белсенді 2015 жылдан бастап осы құжатты алу үшін АҚШ Мемлекеттік департаментімен соттасып келген. 

Ззым америкалық әскери-теңіз флотында қызмет еткен. Өзінің жеңіске жетуін қуанышты жаңалық деп санайды.

Бұған дейін АҚШ билігі Данаға "жынысы" деген бағанға "әйел" не "еркек" екенін көрсетуді талап етіп, құжат беруден бас тартқан. 


"Бұл түрме секілді. Маған "адам" дәрежесін беруден бас тартты. Демек мен өз елімнің азаматы емеспін, шетелге шығу мүмкіндігінен айырды. Мұндай тыйымдар тек заң бұзғандар мен тұтқындарға ғана қолданылады", - деп мәлімдеді белсенді. 

Жазда мемлекеттік хатшы Тони Блинкен құжатта үшінші "Х" гендерінің пайда болатыны туралы хабарлаған болатын. Азаматтар құжат алу барысында кез келген үш нұсқаның біреуін таңдай алады. Бұған дейін туу туралы куәлігінде көрсетілген жыныстан бөлек нұсқаны таңдау үшін дәрігер анықтамасы талап етілген. 

Джо Байденнің сайлауалды бағдарламасында ЛГБТ өкілдерін қорғау жобасы болған. Қыркүйектің соңында АҚШ президенті құқық қорғаушы Джессика Стернді ЛГБТ қоғамдастығын дамыту бойынша арнайы елші етіп тағайындады.

Федералды билік бұрын әскери қызметте болған трансгендерлердің жынысын ауыстыруға арналған операция шығындарын да өз мойнына алды. 

Үшінші гендер Германия, Канада, Аустралия, Үндістан, мальта, Непал және Жаңа Зеландия секілді елдердің құжатында бар.