Түркістан облысында тұрғындар жағдайы төмен ауылдастарына үй салып берді

363

Түркістан облысында ауыл тұрғындары жағдайы төмен отбасыларға үй салуға көмектесті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Үш баланың анасы Айгерім Жетпісованың күйеуі жол апатынан көз жұмған. Қазір өз көзіне өзі сенбейтінін айтады. Отбасына арналған үйді оның тағдырына бей-жай қарай алмаған бейтаныс жандар салып жатыр. 

"Бізге өте әдемі үй салып жатыр. Желтоқсан айының соңына дейін көшіп кіреміз. Жаңа жылда барлық туысымды жинап, көршілерді шақырсам ба деп отырмын. Бұл менің арманым болатын", – деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Айгерім Жетпісова. 
Оқиғаға бей-жай қарамаған ауылдастары жер телімін сатып алып, құрылысты бастап кеткен. Бейтаныс адамдар қажетті материалдарды әкеліп беріпті. Осылайша отбасыны қиын жағдайда қалдырмаған. 

"Тұрғындар арасында кәсіпкерлер де бар. Адамдардың барлығы белсенді, мейірімді. Отбасыны қиын-қыстау кезде қалай тастап кетеміз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жаңа үйде тойласын деп шешім қабылдадық. Жағдайы төмен отбасылар бар. Оларға да көмектескіміз келеді", - деді ауыл тұрғыны Ертуған Будинбаев. 

Майбұлақ ауылының азаматтары басқа да жағдайы төмен отбасыларға көмектескен. Қазір Майра Қожабаеваның отбасы жаңа үйде тұрып жатыр. Жиһаз бен тұрмыстық техникаларды сатып алған. Майраның өзі үшінші топтағы мүгедек, үш баланың анасы. 
"Ауылдастардың арқасында үйлі болдық. Мейірімді азаматтардың барына рахмет. Несін жасырайын, жағдайымыз қиын болды. Қазір баспаналы болдық, бәрі жақсы", – дейді Майра Қожабаева. 

Азаматтар көмек көрсеткендері туралы жария етпеген. Қиын кезеңде жалғыз қалдырмағаны үшін алғысы шексіз екенін айтады.
"Бірлік-берекеде өмір сүреміз. Бұл – ең маңыздысы. Әкімдіксіз де қолымыздан келеді. Ауылда ешкім бос отырмайды. Жұмыс істеп, бір-бірімізге көмектесеміз", - деп мәлімдеді ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынтай Әбдіманап.

Ауылда 4 отбасыға арнап үй тұрғызылыпты. Қазір отбасылар жаңа өмір бастаған. Баспана бар кезде жағдай біршама жеңілдейді дейді олар. Енді ауланы көгалдандырып, бау-бақша егуді жоспарлап отыр.