Ақтаулық жігіттің интеллектісі Жер тұрғындарының 99 пайызынан жоғары болып шықты

368
23 жастағы Ақтаулық Алдияр Семедьяров бүкіл әлемдегі ең ақылды адамдардың басын біріктіретін "Менса" қауымдастығының мүшесі болды, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның ақыл-ой деңгейі Жер тұрғындарының 99 пайызынан жоғары болған.

Алдияр Семедьяров Ақтауда туып өскен. 2016 жылы №4 мектеп-гимназиясын "Алтын белгімен" тәмамдаған. Ол ҰБТ-да 124 балл жинаған екен. Мектепте оқып жүрген кезінде физика пәнінен республикалық олимпиадалар жүлдегері атанған.

"Мектеп көп нәрсе берді. Соның ішінде білімнің іргетасы мен тәртіп бар. Бұл Назарбаев университетінде одан ары оқуыма септігін тигізді", - деп ағынан жарылды Алдияр Семедьяров. 

Алдияр университетте оқып жүріп Work&Travel бағдарламасымен Америкада, сондай-ақ Германияда Leibniz University of Hannover-де болған. Содан кейін тағы да АҚШ-та, Буффало университетінде жазғы алмасу семестрінде оқып келді.

Семедьяров 2020 жылы Швейцарияға көшуді ұйғарып, онда ETH Zurich федерал технологиялық институтына "электр инженериясы" мамандығы бойынша магистратураға түскен.

Магистратура екі жылдан 3,5 жылға дейін созылады. 2020 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін оқу офлайн режимінде өткен, содан кейін дәстүрлі форматта басталды.

Алдияр Семедьяров "Менса" халықаралық қауымдастығы туралы алғаш рет 2016 жылы Димаш Әділет ұйымның алғашқы қазақ мүшесі болып қабылданғанда естіген.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда IQ тестінен өту мүмкін емес екенін білдім. Сондықтан оны бес жыл ұмытуға тура келді", - дейді жас жігіт.

Тест офлайн форматта өткен және 45 сұрақтан тұрды. Барлығы 20 минут уақыт берілген. Бір аптадан кейін ол "Менсадан" хат алып, онда ұйымға қабылданғанын білген. Оның IQ деңгейі Вехслер шкаласы бойынша 135-тен асады, бұл әлем халқының 99 пайызының IQ деңгейінен жоғары.

"Таңғалдым дегенім бер жағы. Алғашқы күндері бұған сенбедім. Олардың желісінде аккаунт ашып, мүше болу картасын алып, ай сайынғы "Mensa" газетінің санында атымды басып шығарғанда ғана түсіндім", - деп бөлісті болашақ инженер.

Ол "Менсадағы" бас кеңседен қазіргі уақытта ұйымға қанша қазақ немесе қазақстандық мүше екенін сұраған. Өкінішке қарай, оларда өкілдердің ұлты туралы мәлімет жоқ.