Жамбыл облысында әкімдік пен имамдар арасында дау туды: Жамағат боп тұрғызған үйлерді шенеуніктер өзге адамдарға беріп жатыр

420

Жамбыл облысында имамдар жамағат боп жұмылып тұрғызған үйлерді шенеуніктердің өз қалауларынша үйлестіріп беріп жатыр деп дабыл қақты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.


Сол кезде өздерінің Жаңа жылға дейін баспаналы болатынын естіген отбасылар да қарызданып, туыстарына несие алғызып көпшілікке көмектеседі. Жеме-жемге келгенде үйлі болуы тиіс тұрғындар әкімдік бекіткен тізімде жоқ боп шыққан.

Фарида Жұмабаева 15 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келеді.

Айтуынша, отбасында тек жалғыз өзі ғана жұмыс істейді. Күйеуі екінші топтағы мүгедек, балалары кәмелет жасына толмаған. Қатты қиналған сәттерінде жергілікті мешіттен көмек сұрайды екен. Ал көктемде имамның көмекшісі келіп, қала әкімі асарлатып үй салуға жер бөліп бергенін айтыпты. Жақсы жаңалықты естіген келіншек ертерек жаңа үйдің құрылысы бітсін деп қарыз алып, несие рәсімдеген. Бірақ баспаналар тапсырылып жатқан кезде өзінің әкімдік бекіткен тізімде жоқ екенін біліпті.

Тараз қаласының тұрғыны Фарида Жұмабаева айына 150 мың несие төлеймін дейді. Ақшасын қайтарып алуға бекінген.

“Қарыздарым ол жатыр, төленбей. Жаздай тапқан ақшамды бала-шағамның аузынан жырып, күйеуімнің еміне қимай, осы баспаналы боламын деген ақшамды мен ауаға ұшырып қоймаймын. Мен де баратын жерге барамын. Берілмеймін. Төбелесемін. До конца төбелесемін”, – дейді  ол.

Игі істің басы-қасында жүріп, қала әкімінің уәдесін алдым деген Елдос Қырықбаев жеме-жемге келгенде әкімдік алдап кетті деп отыр.

Айтуынша, әу баста шенеуніктер мешіт ұжымы ұсынған тұрғындарға үй салуға рұқсат берген. Сөйтіп олар елден жылу жинап, құрылысқа кірісіпті. Бірақ жұмысты жарты жолда тоқтатуға мәжбүр болған.

“Біреуден 500 кірпіш аламыз. Біреуден цемент аламыз. Біреуден балка аламыз. Әркімнен солай. Бізде мешітте "мә, саған" деп бере салатын жамағатты көріп тұрған жоқпыз. Жайлап әйтеуір шамасы келгенше жамағат көмектесті. Сол екі ортада акимат кіріп кетті ғой, иә?  Акимат мына үй неғып тұр, бітпесе, біз бітіріп береміз деп орта белде кіріп кетті. Рұқсат сұраған жоқ”, – дейді Сары молла мешіті имамының көмекшісі Елдос Қырықбаев.

Елдос Қырықбаев жамағат боп жұмылып тұрғызған үйлері басқа адамдарға беріліп жатыр деді. Барлық дау да осы жерден туған.

Енді жаңа жылға дейін баспаналы болуы тиіс үш отбасы үйсіз қалып отыр. Ал әкімдік өкілдері үй салуға рұқсат бергендерін растайды. Бірақ өздерің қалаған кісіге бересіңдер деген сөз болған жоқ дейді. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова маусым айында олар құрылысты жалғастыра алмаймыз деп әкімдікке хабар береді.

“Бірақ желтоқсан айында тұрғын үйлер тапсырылып жатқан кезде олардың уәде берген үш азаматымыз бар делінген хабарды айтады”, – дейді ол.

Қазір асарлатып үй салу жобасы аясында мұқтаж жандарға жеті үй беріліпті. Ал жыл соңына дейін тағы сегіз отбасы баспаналы болмақ. Бірақ олардың қатарында мешіт ұжымы ұсынған тұрғындар бола ма, болмай ма, әзірге белгісіз.