Қазақстанда әуе такси пайда болды
Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе таксиі сынақ ретінде көкке көтерілді. Демонстрациялық ұшу "Future Games 2026" халықаралық турнирі аясында арнайы белгіленген аумақта өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сынаққа шығарылған EH216-S деп аталатын электрлі әуе аппараты тік көтеріліп, тік қона алады. Ол екі адамды тасымалдауға арналған. Әуе көлігінің ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырым, ал бір қуатта 35 шақырымға дейін ұша алады.
Алғашқы кезеңде мұндай әуе көліктерін туристік бағыттарда пайдалану жоспарланып отыр. Яғни, жолаушылар Қазақстанның табиғи және тарихи көрікті жерлерін аспаннан тамашалай алады. Ұшу ұзақтығы 5-тен 30 минутқа дейін болады.
Болашақта ұшқышсыз әуе таксилерін тек туризмде ғана емес, жедел медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіруге және логистика саласында қолдану көзделіп отыр.
Жоба аясында мұндай әуе көліктерін алдағы уақытта Қазақстанда өндіру де жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары технологиялы өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Қазір Көлік министрлігі ұшқышсыз әуе көліктерін қауіпсіз пайдалану үшін қажетті заңнамалық және инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, болашақта әуе таксилері еліміздегі қоғамдық көліктің жаңа түріне айналуы мүмкін.







