Жын-ойнақ: Жалдамалы пәтерлер жан ауыртар мәселеге айналып отыр

999
Қызылорда қаласындағы жалдамалы пәтерлер тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қаланың орталығындағы Өсербаев және Айтеке би көшелерінің қиылысында тәулігіне және бірнеше сағатқа берілетін жалдамалы пәтерлер бар. Тұрғындар пәтерлердің саны күн өткен сайын көбеймесе, азаймай отырғанын айтып дабыл қақты. Олардың айтуынша, қаншама шағымданса да, әкімдік пен құзырлы органдар жағдайға қатысты ешқандай шара қолданбай отыр. Ал, жергілікті билік жүргізген рейдтер екі-үш күнге ғана созылады.

Қазіргі таңда қаланың бұл аумағындағы 488 пәтердің 126-сы жалға беріледі. Бағасы бір сағатқа 1000 теңге, тәулігіне – 5000.
 
– Қартайған шағымызда, түн тыныштығынан айырылып отырмыз. Карантин мен енгізілген комменданттық сағатқа да қарамай тәулік бойы жұмыс жасап жатқан «суточный» квартираның жыры бітпей отыр. Тіпті, 7 қаңтар күні осы маңнан қаруға толы автокөлік табылды. Құзырлы орган қызметкерлері шара қолданбай ма? Бұл пәтерлерде төбелес, ұрлық, қыз зорлығы, кісі өлімі оқиғалары да болған, – дейді қала тұрғыны Дәмегүл Үмбетбаева.

Сонымен қатар, тұрғындар бұл пәтерлерде келушілерді тіркеу журналы қарастырылмағандықтан, бұзақылардың бой тасалайтын орнына айналғанын тілге тиек етті.



Ал, қалалық полиция басқармасының мәліметінше, комменданттық сағат енгізілгелі жалға пәтер берушілер дерегі анықталмаған.

– 2021 жылдан бері 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көпқабатты үйлер жарықтандырылды. 34 подъездің 21-іне домофон, 15-іне «бұлтты бейнебақылау» орнатылды. Заңсыз жалға беру бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Ал, комменданттық уақытта жалға пәтер берушілер дерегі анықталмады,  дейді Қалалық полиция басқарма бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының бастығы, полиция капитаны Ахметжан Жандос Еркінұлы

   Дегенмен, тұрғындар түнгі уақытта қолы жүретін кәсіпкерлердің тіреуі мықты, сондықтан оларға ешқандай шара қолданылмай отырғанын айтты. Сонымен қатар, пәтерлерді жалға беріп отырғандардың кәсібін ресми түрде тіркеуі, салық органдарына уақытылы төлем жасауы да тексерілмейді.


Аталған мәселе бойынша «Opennews.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Қызылорда қалалық әкімдігіне хат жолдаған болатын. Келген жауапқа сенсек, қазіргі уақытта қалалық кәсіпкерлік бөлімімен назарға алынған. Көтерілген мәселе межесіне жетіп, тиісті шаралар қабылданса, алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады.

 
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ