7000 -ға жуық оқушы жүкті болған

891
Мектеп жасындағы жасөспірімдер арасындағы жүктілік жағдайлары қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр,- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы кәмелет жасына толмаған 7 мыңға жуық оқушы жүкті болған. Медицина тұрғысынан 13-19 жас аралығы жүктілік үшін ерте кезең саналады. Әлемдік статистикаға сүйенсек, АҚШ пен Еуропада жасөспірімдер арасында жыныстық қатынас 12-13 жас аралығында бастау алады екен. Бұл үрдіс соңғы жылдары біздің қоғамда да белең алуда.

Ерте жастағы жыныстық қатынас салдарынан түрлі жұқпалы аурулар, тастанды балалар көбейіп отыр. Мысалы, Қызылорда облысы бойынша 148 адам АИТВ жұқтырған. Олардың арасында 1 мектеп жасындағы бала, 17-19 жас аралығындағы 2 жасөспірім бар.


– Бұл – бүгінгі қоғамда белең алып отырған жағдай. Ата-ана балаларына бас көз болып, жүйелі тәрбие беру керек секілді. Кей мектептерде тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді,дейді қала тұрғыны Тамара Утелова.

Статистикаға сәйкес, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік деректерінің басым бөлігін тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққандар құрайды. 

– Былтырғы жылы ақпаратқа сүйенсек, 6724 жасөспірім қыз жүкті болып, 5639 әр қыз баласы өз баласын бауырына басса, 1086 бойжеткеннің жүктілігі түсікпен аяқталған. Жүктілік пен босану, түсік жасау көрсеткіштері 2020 жылы 2019 жылға қарағанда 2,2 есе төмендеген, дейді ҚР ДСМ Ана денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Шәкизат Жақсымбетова.

Кәмелет жасына дейін жүкті болғандардың басым бөлігі Шымкент, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелген. Сонымен қатар, ата-анасынан қолдау таппаған 200-ге жуық жасөспірім қыздар «Аналар үйін» мекендеуде. Қоғамнан қолдау таппаған жас аналардың баласын дәретханаға, қоқыс жәшіктеріне т.б жерлерге тастап кету оқиғалары да жиілеп отыр.

– Менің ойымша, бұл ата-аналардың ғана емес, қоғамдағы ер азаматтарымыздың да кінәсі деп білемін. Сондықтан заңнамалық тұрғыдан нақты шаралар қабылдап, жазаны қатаңдату керек,дейді қала тұрғыны Тұрлан Базаров.

Айта кетейік, ерте жастағы жүктілік, баланың бітуі мен жетілуі қыздарға психологиялық тұрғыда зақым келтіретіні ғылыми тұрғыда дәлелденген.
 
АЙБАР