"Қазақстанда кімнің басшы екені түсінікті болды": Шетелдік БАҚ елдегі жағдай туралы
423
Шетелдік БАҚ елімізде қаңтарда орын алған тәртіпсіздіктер жайлы жарыса жазуда. Gazeta.ru басылымына сұхбат берген Жоғары экономика мектебінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Андрей Казанцев Тоқаев пен Назарбаев арасындағы даудың әсірелеп көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Назарбаевтың отбасы мен Қасым-Жомарт Тоқаев арасында расымен жанжал болғанын қосып өтті,- деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Саясаттанушының сөзінше, Назарбаев Тоқаевқа барлық билікті беру арқылы келісімге келді. Есесіне ол “Қазақстандағы тәуелсіздік мен заманауи мемлекеттіктің символы” болып қалды. Оның ойынша, арадағы жанжал Тұңғыш президенттің күйеу балалары мен
жиендерін қызметтен босату арқылы шешілген.
“Бұл шешім Тоқаев үшін де, Назарбаев үшін де пайдалы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке ие болды, ал Назарбаевтың отбасынан белгілі дүниелерді тартып алынғанымен, ешкімді абақтыға жаппады. О бастан Елбасының туысы болып табылмайтын азаматтар ғана тұтқынға алынғаны айқын көрініп тұрды”, – деді Андрей Казанцев.
Сонымен қатар сарапшы Тоқаевтың келуіне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың кей жоспарлары іске аспай қалғанын айтады. Оның пікірінше, бұрынғы президент өкілеттігін бірте-бірте беріп, күштік блокты өмірінің соңына дейін ұстап қалмақшы болған.
“Қазақстанда екі тұлғаның келісімге келіп, қаңтардағы дағдарыстың аяқталғаны маңызды. Элитаішілік жағдай тұрақталды. Енді Қазақстанда кімнің басшы екені түсінікті болды әрі жанжал да жоқ.
Бұдан бөлек Тоқаев пен Назарбаев арасындағы дау туралы қауесет те жоққа шығарылды. Себебі Назарбаев барлығын өзі мойындады”, – деп қосты саясаттанушы.
Елдегі жағдай туралы британиялық Халықаралық қатынастар корольдік институтының сарапшысы Кейт Маллионсон BBC-дің ресейлік қызметіне сұхбат берген. Оның ойынша, Назарбаев өз отбасы мүшелерінің шетелге аман-есен шығуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар Қазақстандағы активтерінен еркін бас тартуға жағдай жасады. Ал Тоқаев Назарбаевтың отбасын биліктен ысыру арқылы мемлекеттік аппаратты толық өз қолына алған.
“Назарбаев Тоқаевтың іс-әрекетін қолдайтынын көпшілік алдында жария ету арқылы ел тізгіні кімнің қолында екенін нақты көрсетті”,- деді сұхбат барысында Кейт Маллинсон.
АҚШ Ұлттық университетінің профессоры Эрик Мараттың сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев елде саяси және экономикалық тұрақтылықтың орнағанын көрсетуге тырысуда. Алайда сарапшы Елбасының сөзін ешкім шын деп қабылдамағанын айтады.
“Оның сөзін ешкім шынайы қабылдайды деп ойламаймын. Қоғам және қазақстандық сарапшылар арасында скептицизм одан әрі дами түседі. Ал сахна сыртында қорды үкімет пен ірі бизнесмендер және Назарбаев отбасы мүшелерінің арасында бөлуге қатысты дау жалғаса бермек”, – деп мәлімдеді Марат.
Тағы да оқыңыздар
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ
1 573