Күйеуімді 11 сағат бойы сабап, қағазға қол қойдырған – алматылық әйелдің жан айқайы

319

Алматы қаласының тұрғыны Бұлбұл Бердіқожанова Ulysmedia.kz порталының тілшісіне қаңтар оқиғалары кезінде күйеуінің соққыға жығылғанын айтып берді. Дархан Уәлиев атты азаматты полиция 10 қаңтарда ұстап әкеткен. Күйеуін қорғау үшін Бұлбұл прокурорға арыз жазған.

«Менің жолдасым Дархан Уәлиевті 10 қаңтар күні сағат он бір шамасында Алматы қаласында Орталық моргтың алдынан полиция қызметкерлері ұстап әкеткен болатын. Содан оны Виноградово-Масанчидегі полиция департаментіне апарып, оны сол жерде ұрып, теуіп, қатты соққыға жыққан. 11 сағат бойы соғып, аяғында бір қағаздарға қол қойдырған. Бірақ оны Дархан оқымаған. Оқитын шамасы да болмаған. Қандай қағаздарға қол  қойғанын өзі білмейді. Осылайша, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды», - дейді Бұлбұл Бердіқожанова. 

Әйел заң қорғаушы органдар тарапынан заңбұзушылық болды деп ойлайтынын жеткізді. Айтуынша, митингте ұсталған жігіттердің бәрін де солай ұрып соққан. Осы бассыздық 15 қаңтарға дейін созылған.

«Сол жерде адамдарды аямай ұрып-соғып, электрошокер қолданған. Уәлиев Дарханды 10 қаңтар күні көрген кісі – Асыл Бекқалиев деген азамат осының бәрін баяндап берді. Асыл Дарханды дәлізде, екі қолы кісендеулі, еденде жатқан жерінен көріпті. Бет-аузы қан жоса болған. Ары немесе бір өткендер оны тепкілеп, әлі де азаптап жатты деп айтты», - дейді ол.


Бұлбұл Бердіқожанова полиция қызметкерлері Дархан жатқан бөлімшенің маңына жолатпағанына қапалы.

«Содан 20 қаңтар күні мен бес минутқа кіріп, Дарханды өз көзіммен көрдім. Ол кезде он күн өтіп кеткен. Сол кездің өзінде күйеуімнің бет-аузы ісіп, сарғайып кеткен. Соққыдан қалған іздері анық көрінді. Көзінің асты көгеріп тұр. Бүйрегі ауыратыны байқалды. Сондай бір денсаулығы нашар жағдайда болды. Оларға ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Тіпті өзінің айтуынша, сол жерде перекись те болмаған. Өздерімен өздері әйтеуір домалап жатып жазылған болуы керек», - дейді әйел.
Дархан Уәлиев қазіргі уақытта 155/18 уақытша оқшаулағышында жатыр. Бұлбұл оның сол жерде заңсыз жатқанын айтады.

«22 қаңтарда мен прокуратураға арыз қалдырдым. Дарханға күш көрсетілгенін, заң қорғау органдары ұрып соққанын, қағаздарға қол қойдырғаны жайлы арыз тастадым. Соны бүгін барып білдім. Маған 24-нен бастап іс қозғалғанын айтты. Тергеушінің аты-жөнін берді. Енді сол кісілермен бұйырса кездесемін. Істің қандай жағдайда жүріп жатқанын қадағалаймын.  Біз прокурорға дереу хабарласып, прокурор сол жерде надзорный сотрудниктермен арашалап алып қалыпты. Арыз жаздырыпты. Екінші рет таң атқанша соқса, тірі қала ма жоқ па – екіталай болар еді», - дейді ол.

Бұлбұл Дарханды тағы сабай ма деп тағы қорқып отыр.

«Дархан ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Қашан да заңды сыйлайтын. Үстінен іс қозғап, енді оны қылмыскер ретінде соттайын деп жатыр», - деп түйді әйел.