Петропавлдағы мектептер қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының есімдерімен аталатын болды

294

Петропавл қаласындағы білім ордаларына қуғын-сүргінге ұшыраған саясаткерлер мен Алаш партиясы жетекшілерінің есімдері берілмек,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


"Республикалық ономастикалық комиссия Петропавлдағы жалпы білім беретін мектептерге белгілі тұлғалар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасовтың есімдерін, ал спорт мектебіне Қажымұқан есімін беруді қолдады", - деп мәлімдеді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының жиынында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Осылайша Петропавлдағы №25 орта мектепке -  Әлихан Бөкейхановтың, №2 орта мектепке - Смағұл Сәдуақасовтың және №9 орта мектепке - Ахмет Байтұрсыновтың есімдері берілмек. Ал Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Қажымұқан есімімен аталады.

Есте сақтауға тиісті есімдер

"Смағұл Сәдуақасов - 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында дүниеге келген. Ол Қазақ АКСР халық ағарту министрі болып, еліміздің тұтастығын сақтай отырып, Қазақстанның жеке республика болуына көп күш жұмсаған. Ол кеңестік қазақ баспасөзінің негізін салушы, жазушы әрі драматург", - деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова.

Әлихан Бөкейханов - 5 наурыз 1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала өлкесінде дүниеге келген. Қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.

Әлихан Бөкейханов Абайды зерттеген тұңғыш биограф саналады. Оның "Абай (Ибрагим) Құнанбаев" атты мақаласы – қазақтың халық ақынының шығармашылығына сипаттама берген некрологы 1905 жылы "Семей жапырағы" газетінде жарияланған.

Ахмет Байтұрсынов - 5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ол қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

1912 жылы Ахмет Байтұрсынов араб жазуы негізінде қазақ жазуына реформа жасап, шетелде тұратын миллиондаған қазақтардың оны қолдануына мүмкіндік тудырды. Ол қазақ тілінде қолданылмайтын таза араб әріптерінің барлығын алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қосты. Бұл әліпбиді Қытайда, Ауғанстанда, Иранда тұратын қазақтар әлі күнге дейін қолданып келеді.

1937 жылдың қазанында Ахмет Байтұрсыновты халық жауы ретінде Ішкі істер халық комиссариаты ату жазасына кесті.

Қажымұқан – қазақтың көрнекті балуаны, цирк әртісі. Классикалық күрестен кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз атанған. Революцияға дейінгі кезеңде Қажымұқан Иван Поддубный, Георг Лурих, Иван Зайкин сияқты аты аңызға айналған балуандармен бірге халықаралық ареналарда сәтті өнер көрсетті. Қазан төңкерісінен кейін ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш кәсіби театрды құрды, одан сол кездегі көптеген көрнекті өнер қайраткерлері шығып түрлі чемпионаттар ұйымдастырды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қажымұқан өзінің өнер көрсетуі арқылы әскерге көмек ретінде қаражат жинап, тіпті майданға ұшақ сыйлаған.