Мектеп қызметкері оқушылардың алдында стриптиз билеген

418
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Әймен ауылында мектеп қызметкері оқушылардың алдында стриптиз биледі,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бұл жағдай 28 желтоқсан күні мектептің ауласында болған. Мұғалім 2-сыныптың оқушыларын аулаға шығарады. Сол жерге ата-аналар да жиналған. Балаларды қар үстіне отырғызып қойып, ата-аналар «мұғалімдеріңе сюрприз жасаймыз» дейді. Содан кейін аяз-ата болып киініп келген ер адам сынып жетекшісіне ішінде шампаны бар сыйлық береді. Сөйтіп, ол шапанын шешіп тастап, ұятсыз музыкамен балалардың көзінше стриптиз билеген. Ол биді көргеннің өзі ұят. Оған сынып жетекшісі де бірге қосылып биледі», – деді мектепттің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Мақташ Хамитова.

Оқушылардың көз алдында болған бұл жағдайдан кейін ұстаздар да, мектеп директоры Мақсат Жайлыбай да сынның астында қалған еді. Аудандық білім бөлімі сынып жетекшісімен бірге директорды да орнынан алып тастағанымен, кейін бастауыш сыныптың мұғалімі орнына қайта келген. Білім бөлімінің мәліметінше, Том Джонстың орындауындағы атақты Sex bomb әнін билеген адам мектептің концерттік іс-шарасына жауапты тұлға болған. Төрт жүзге жуық бала білім алатын мектепке жаңа директор әлі күнге дейін тағайындалмаған.

Сол оқиғадан кейін арада бір ай өтсе де, жергілікті халық бас ұстазды қайтару акциясын әлі жалғастырып келеді.

«Директордың адалдығына, әділдігіне сенеміз. Оның біліктілігіне басымызды иеміз. Мақсат Рамазанұлын ауыл халқы төрт жылдан бері жақсы таниды, өте адал, еңбекқор адам. Біз директорды жібергіміз келмейді. Аудандық білім бөлімінің басшысына бірнеше рет бардық. Жүз адам өтініш жазып, қол қойған. Ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері төрт рет бардық. Білім бөлімінің басшысы басында біздің арызымызды да қабылдаған жоқ. Директорды қайтарыңдар деп өзге ұлттың өкілдері де талап етіп жатыр», – деді Әймен ауылының тұрғындары.

Бір мыңға жуық отбасы тұратын Әймен аулының халқы оқу ордасындағы орынсыз жағдайға директордың тікелей қатысы жоқ екенін дәлелдей алмай келеді.