Екібастұздағы "маугли" балалар
284
Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық соты екібастұздық төрт баланың ата-анасына қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
25 ақпан күні өткен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта азаматша Ж. мен азамат А-ға қатысты ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау жөніндегі міндеттерін орындамау фактісі бойынша іс қаралды.Азаматша З-ның кәмелетке толмаған төрт баланың анасы бола тұра, өзінің мінез-құлқымен, балаларына немқұрайлы қатынасымен қолайсыз жағдай туғызғаны, тиісті күтім мен көңіл бөлмегені, олардың өмір сүруі мен дамуы үшін қалыпты жағдай жасау шараларын қолданбағаны анықталды. Пәтерде тазалық деген жұрдай, азық-түлік те жоқ болып шыққан.
Сондай-ақ З. балаларын емдеу мекемесінде тексертуге, қажетті ем қабылдауға шара қолданбаған. Кәмелетке толмаған балалар шұғыл медициналық тексеруден өтіп, емделуге мұқтаж болғанына қарамастан, қаладағы бірде-бір емханаға тіркеуге тұрмаған.
Сот азамат А-ның 2014 жылы туған бір ғана баланың әкесі ретінде тіркелгенін, оның тәрбиесі мен білім алуына, құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ баланы күтіп-бағуға және асырауға жауапкершілікті орындамағанын анықтады.
7 жастағы балалардың үлкені Екібастұз қаласындағы мектептердің біріне берілмеген.
Жауапсыз ата-аналар жазаланды
Балалардың ата-аналарының кінәсі олардың мойындауларымен, ішкі істер органдарының хаттамаларымен, тұрмыстық жағдайларын тексеру актісімен, сондай-ақ ішкі істер органдарының сипаттайтын деректерімен және сот жеткілікті және рұқсат етілген деп таныған басқа да құжаттармен дәлелденді.
Сот отырысында З. және А. кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін айтқан және мінез-құлқын түзететініне уәде берген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігінің санкциясында даусыз әкімшілік жаза бойынша - 10 АЕК (30 630 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сот балалардың ата-аналарына әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Олардың материалдық жағдайы мен алимент төлеу міндеттемесі ескеріліп, айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқарылды. Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.
Қазір балалардың барлығы Павлодардағы емдеу мекемесіне орналастырылды. Отбасы есепке тіркеліп, бақылауға алынды.
"Полицияның мәліметі бойынша, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия балалардың анасының мінез-құлқын тексерген", - делінген соттың баспасөз мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұздағы пәтерлердің бірінен еріктілер 2016, 2014, 2017 және 2018 жылы туған төрт баланы тапқан болатын. Олар сөйлемейтін, жүре алмайтын күйде еді.