Министр: "50 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік бар, ол заңда жазылған"

557

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесіне қатысты пікірін білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Сөзінше, ел азаматтарына белгіленген мерзімді күтпей, 50 жаста зейнетке шығуына болады.

Министр зейнетақы мәселесін сенат отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беру кезінде айтқан. Онда азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін көп өмір сүре алмайтыны және сол себепті қазіргі зейнет жасын төмендету сұрағы қойылған.


Біз 1998 жылы зейнетақы жүйесін реформаладық. Соған сай 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар азаматтар ғана мемлекеттен еңбек зейнетақысын және қосымша базалық зейнетақыны алады. Егер зейнет жасын төмендетсек, зейнетақы да өте төмен болады,— дейді Тамара Дүйсенова.

Десе де, министр азаматтардың 63 жасты күтпей-ақ зейнетке ерте шығуға мүмкіндігі барын да айтты. Ол үшін зейнетақы жүйеңіз талапқа сай болу керек.


Азаматтар 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақыға өз уақытында қосылып отырса, жарнасы дұрыс болса, 63 емес, тіпті 50 жасында зейнетке шығып кетуге мүмкіндігі бар деп заңда жазылып қойған. Бұл ер азаматтарға ғана емес, әйелдерге де қатысты,— дейді министр.

Сол себепті де, халық зейнетақы жайлы сөз қозғағанда осы мәселені ескеруі тиіс деп отыр.