Алматы облысында саудагерлер бір келі қантты 920 теңгеден сатып келген
248
Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі дүкенде қантты 920 теңгеден сатқан. Әкімдік қызметкерлері тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жүргізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ауылдық округ тұрғындары әлеуметтік желіге жергілікті дүкеннің сөрелеріндегі қанттың бағасы жазылған суретті жариялады. Пікір қалдырған адамдар тіпті бұл бағамен де қанттың қалмағанын айтып шағымдануда.
"Бұл дерек жергілікті "Ақжол" дүкендерінің бірінде орын алған. Дүкеннің сатушысымен әңгімелесу барысында "DairyFood TC" ЖШС өндірушісінен бес келілік "Арман" қант пакетін сатып алынғаны анықталды. Ол құны 4250 теңге, 1 кг-ы 850 теңгеден алып, одан әрі орау жұмыстарын жүргізіп, осы орамдағы қантты 1 кг-ы 920 теңгеден сатылымға шығарған. Бұл мәселе бойынша Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хат дайындалуда", - деді кәсіпкерлік басқармасынан.
Әкімдік Қарасай ауданы тұрғындарының күнделікті қант тұтыну нормасы 12 тонна екенін айтты. Бүгінде облыс бойынша қанттың ең арзан бағасы 430 теңге. Бұл бағамен, әкімдіктің мәліметінше, қант "Тоймарт" сауда желісінің үш нүктесінде де сатылуда. Сауда желісіндегі қор үш күн сайын 1,5 тоннадан астам қантқа толығып отырады. Қазір шектеу бар, күніне 100 келіден артық қант сатылмайды, деп нақтылады әкімдік.
Сонымен қатар ауданда "Магнум" сауда желісінің төрт дүкені бар. Онда аптасына төрт тонна қант жеткізіледі. Бұл сауда желісінде қанттың бағасы 445 теңге.
Маусымның 8-і күні жүргізілген мониторинг бойынша базарда қанттың бағасы 640 теңгені құрап отыр.
"Бекітілген баға бойынша қант алуға көмектесу мақсатында 12 кәсіпкер "Жетісу" ӘКК-не облыстық тұрақтандыру қорынан 15 тонна қант алуға өтініш жолдады. Қазіргі уақытта жеткізу мәселесі талқыланып жатыр", - деп қосты әкімдіктегілер.
Тұрғындар шағымданған аудандағы қант тапшылығы туралы әкімдік хабарлама бермеді.