Ақтөбеде қаңғыбас ит пен мысықтың көзін жою үшін 51 миллион теңге бөлінді
233
Ақтөбеде 12 жастағы баланы ит талап өлтіргеннен кейін жергілікті әкімдік те қозғала бастаған.
Қазіргі таңда ит аулаушы үш топ жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспрес К сайтына сілтеме жасап.Биыл облыстық мәслихаттың шешімімен, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, көзін жою үшін 51 825 000 теңге қаржы қарастырылған. Қаңтар мен наурыз айы аралығында қала мен аудан бойынша 3792 ит ауланып, көзі жойылған. Бұл жұмыстарға 9 840 936 теңге қаржы жұмсалыпты. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 2294 ит ауланған. Бұл туралы облыстық әкімдік мәлімдеп отыр.
Биыл 2 наурызда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заң күшіне енді. Ал заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер (қағидалар) 18-25 мамыр аралығында бекітілді. Бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң, яғни шілде айында қолданысқа енгізіледі.
Аталған заңның 15-бабы 4-тармағы бойынша, жануар адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірсе, оларды жоюға жол беріледі. Бұндай кезде тұрғындар учаскелік полиция инспекторына шағымдануы қажет.
Осындай шағымға байланысты Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясы бүгінгі күнге дейін барлығы 754 итті аулаған. Ал кешелі-бүгін 13 ит ауланыпты. Қазіргі уақытта ит аулаушы үш топ жұмыс істеп жатыр.