Қызылордада 10 жасар бала бассейнге батып кете жаздады

327
Қызылордада 10 жасар бала бассейнге батып кете жаздаған. Бүгінде баланың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Оқиға 9 шілдеде сағат 12.50 шамасында болған. Қызылорда қаласындағы «Арай» аквапаркіне суға түспек болған 10 жастағы баланың бассейндегі суға батып кете жаздаған.

«Аквапарк құтқарушылары баланы дер кезінде судан шығарып үлгерген. Бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр екенін айтады», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті суға түсу кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр.

ТЖД мынадай сақтық шараларын қатаң ұстануды ұсынады:

- құтқарушылары бар ресми жағажайлар мен бассейндерде және олардың жұмыс уақыты кезінде ғана шомылыңыздар;

- балалардың ересектердің қарауынсыз бір минут болса да су жанында болуына жол бермеңіз;

- нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балалар анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты суға жылдам батып кетеді. Олардың басы денесімен салыстырғанда ауырлау болады, сондықтан олар бассейнге, теңізге, ваннаға және т.б. тез батып кетуі мүмкін;

- құтқару шеңберлері, үрлемелі камералар қауіпсіз емес, ондай құрылғылар балаңызды суға бату қаупінен толық қорғамайтынын ескеріңіз.