Биыл көктем кеш келеді...

445

Синоптиктердің мәліметінше, биыл көктем "кеш келеді". Себебі таяу күндері Қазақстан аумағында Солтүстік Атлантика циклонының әсері сезіледі. Салдарынан суық және жылы ауа массалары бір-біріне тез ауысып, температура мен атмосфералық қысымның күрт ауытқуына және тұрақсыз ауа райының сақталуына әсер етеді. Сонымен қатар осы кезеңде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын жиі түсіп, тұман, көктайғақ, боран болып, қатты жел тұруы ықтимал. Айта кетейік, бүгін Алматының көктемгі жылы ауа райы лезде қарға айналды. Таңғы 3.50-де басталған қар сағат 10:00-ге дейін жауды. Қалалық әкімдік мәліметінше, 09.00-ге дейін таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда 15-35 см, ал шаһарда 3-10 см қар жауған. Gismeteo-ның хабарлауынша, бүгін Алматыда ауа температурасы 0 мен 3 градус аралығында болады. Ал 6 наурызда оңтүстік астанада сынап бағанасы 7 градусқа дейін көтеріледі. Жексенбі күні +9 градусқа дейін жылынады деп болжануда. Сонымен қатар бүгін еліміздің басым бөлігінде Солтүстік-Батыс циклонның әсері сақталады, әрі жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Еске сала кетсек, бұған дейін синоптиктер елімізде наурыз айында ауа райы қандай болатынын болжаған еді.