ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ 700 ТҰРҒЫН ӘКІМДІК БЕРГЕН ҮЙЛЕРІНІҢ ҚҰЖАТЫН АЛА АЛМАЙ САНДАЛЫП ЖҮР

1 573
Қызылордада 700-ге жуық отбасы 8 айдан бері үйінің құжаттарын ала алмай жүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылордада 700-ге жуық отбасы мемлекет тарапынан берілген жалдамалы үйдің құжаттарына қол жеткізе алмай отыр.  
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы желтоқсан айында қоныс тойын тойлаған отбасы бүгінде бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады дейді. Берілген жалдамалы үйлердің басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға берілген болатын.


  Тұрғындардың айтуынша, 8 айдан бері құжаттарын қолдарына алмаған  700 отбасы бұдан басқа да, мәселенің көптігін атап өтті.

«Техпаспорты әлі дайын болған жоқ. Техпаспорт болмағандықтан бұл жердегілердің барлығы тіркеуге тұра алмай жатыр. Сондықтан көптеген жанұялар әлеуметтік көмек, тұрғын үй пособиясын ала алмай жүр», - деді Гүлфайруз Қыдырбаева. 

Берілген үйлердің басым көпшілігі көпбалалы отбасы болғандықтан, балаларға арнайы салынған ойын алаңшасы тарлық етуде, ойын алаңдарын үлкейтіп берсе деген өтініші бар. 
Сонымен қатар,  берілген үйлердің бұдан басқа да өзекті мәселелері жетіп жатыр.   Жолдың тарлығынан жаяу жүргінші жолының жоқтығы мен асфальт төселмей жаңбыр жауса лай басып, жүретін жер таппай қаламыз дейді тұрғындар.  
 Алайда, құжаттары заңды бекітілмеген  көпқабатты тұрғын-үйді үлестіріп берген әкімдік алдағы уақытта шешімін табады деп сендірді. 

Ал, Қызылорда қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімі жаңадан бой көтерген аудандағы мәселелер кезең кезеңімен шешіледі дейді. 

«Тұрғындармен бөлім арқылы арнайы келісім-шарт жасалды. Осы келісім-шарттарды халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 25 млн теңге қаржы бөлініп, жер асты құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек.