"Бұл сұмдық": Қазақстандықтар дәрумендердің бағасы 30 пайызға қымбаттап кеткеніне наразы

297
Елімізде дәрумендер де 30 пайызға дейін қымбаттаған. Имунитетті көтеретін түрлі қоспалар кей дәріханаларда екі есеге дейін көтеріліпті. Дәруменді тұрақты пайдаланатындар мұны біраздан бері айтып, шағымданып жүр. Бағаның өскенін Денсаулық сақтау министрлігі де мойындайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Қазір індеттің қайта өршіп, нағыз иммунитетімізді көтеретін уақыт. Оған қарсы дәрумендер де бірден бағасы өсіп шыға келген. Диетолог Елена Мамай түрлі дәрумендердің мезгіл сайын қолданатын жандардың бірі. Соңғы уақытта сұраныстағы витаминінің құны шарықтағанын көрген ол жағасын ұстағанын жеткізді.

"Магний Б 6 дәруменін өзіме соңғы рет желтоқсан айында 2015 теңгеге сатып алдым. Таусылғасын екі апта бұрын дәріханаға барсам, бағасы екі есеге өсіп, 4800 теңге болып кетіпті. Мүмкін қорабы мен ішіндегі дәрумендер саны жағынан айырмашылық бар ма деп қайта – қайта салыстырып та қарадым. Сол 60 дана соңғы алғанымда да 60 дана. Бұл дегеніміз сұмдық. Мұндай бағада ешкім бұл витаминдерді алмайды енді", - дейді диетолог Елена Мамай.

Дәрумендердің қымбаттағанын қаладағы дәріхана басшылары да жоққа шығармайды. Айтуларынша, бағаның аспандап кетуіне жыл басынан бергі доллар мен рубльдің қайта-қайта құбылуы себеп екен. Соның салдарынан, тіпті иммунитетті көтеретін витаминдердің кейбірі енді елімізге жеткізілмейтін де болған.

"Еуропалық шет мемлекеттерден келген солар 40 пайызға дейін көтеріліп кетті. Ресейден 10-30 пайызға дейін өсіп кетті. Сол витамин группа Б деген миға арналған. Сосын куенезис, янтарьная кислота олар арзан мың теңгеге дейін болған. Қазір бағалары мыңнан асып кетті", - деп түсіндіреді Камилла Коберидзе.

Дәрумендер әсіресе соңғы екі айда қатты қымбаттаған. Мәселен, мына С дәрумені бар итмұрын шәрбаты мамыр айына дейін 500 теңгеден саудаланса, қазіргі құны 680 теңге. Ал мына сөрелердегі Ресейлік дәрумендердің қалған соңғылары осы. Дәріхана басшысы барлығын халыққа ескі бағасымен өткізіп, қайта сатып алмаймын деп отыр. Өйткені бағасы 30 пайызға дейін шарықтаған. 


Алайда Денсаулық сақтау министрлігіндегілер дәрі-дәрмекпен қоса, дәрумендерге де жыл сайын шекті баға қойылады деп отыр. Мәселен, диетолог айтып кеткен Магний Б 6 дәруменіне биылғы бекітілген баға 3890 теңге.


"Негізгі дәрілік заттардың арнаулы шекті бағасы бар. Бірақ қымбаттауы байқалады. 5 және 10 пайыздың аралығында. Егер қандай да бір бағаның шекті бағадан асқан жағдайда әр адам өзі біздің департаментке шағым түсіре алады. Дәлелденсе онда сол дәріхана иесіне әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, айыппұл салынады. Ол айыппұлдың көлемі 130 айлық есептік көрсеткіш", - дейді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бөлім басшысы Әлия Молдиманова.

Тек дәріханалардың барлығыбірдей сол шекті бағамен шектелмейтін сыңайлы. Бірақ ондай жағдай анықталса, айыппұлы да қомақты. Кемі 400 мың теңгеден басталады. Жалпы, бағаның өсуін жауапты мамандар тасымалдың қиындағанымен де байланыстырады.