Қазалы ауданынында жұмыссыздық белең алуда, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында өндіріс орындары жоқ. Алайда, егілген дәнді-дақылдарды суару барысы мен шаруашылық жөнінде бірқатар кемшіліктер бар екендігі де белігілі болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мәлімдеген болатын.
«Биыл Қазалы ауданында 17 402 гектар жерге ауыл дақылдары егілді. Ал басты дақыл күріштің көлемі - 6361 гектарды құрады. Сонымен қатар, аймақтағы су тапшылығына байланысты егін дақылдарын әртараптандыру бағытында егіс көлемі кеңейді. Күріштің жағдайын көріп отырсыздар. Су жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты күріштің көлемі қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайды.» ,- деді Мұхтар Әуесұлы.
Ал, аудан тұрғындарының айтуынша, аудан орталығында балалар ойын алаңдары мен демалыс орындары жоқ екендігін алға тартуда.
«Демалыс орындары жоқтың қасы. Мына ыстықта тұрғындар көрші ауданның Қамбаш көліне барып жан сақтайды. Кейбірі аквапарк дегеннің не екенін көрсету үшін Қызылордаға бала-шағасын тиеп алып демалып қайтады. Жазы 40-46 градус болатын кентте қазіргі заманға сай келетін, тұрғындар демалатын парктер, субұрқақтар болуы керек. Ақарықты бетондап қойды. Оның жан-жағы қашан дұрысталады екен? Жаңбыр жауса балшық, құрғақ кезде шаңы бұрқырап тұр. Тұрғындар кей жерге тақтай қойып көпір жасап алған»,- дейді Нағима.
Ал, ауданда жұмыссыздықтың салдарынан жастардың басым көпшілігі сырт жаққа жұмыс жасап, күн көруде.
Алайда, аудан әкімі бұл мәселені шешуде «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы 1 225 200 теңге қайтарымсыз қаржы беріліп, жаңа кәсіп иелері бой көтереді деп сендірді.