«OTAU TV» Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісінің тарихы 1995 жылдан бастау алады.

162
«OTAU TV» Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісінің тарихы 1995 жылдан бастау алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл жылы Қазақстан Республикасы Intelsat – Ғарыш байланысы Халықаралық ұйымының мүшесі атанды. Сол жылы «Шағын Intelsat» жобасының аясында «Жарық» жүйесінің шамамен 500 жер бетіндегі қабылдау стансасы Intelsat 510 жерсерігіне ауыстырылды.
Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 26.09.1995 жылғы №1284 қаулысымен Ұлттық Жерсеріктік телерадиохабар тарату және Мәліметтер жіберу жүйесін (ҰЖТ және МТЖ) құру үшін – ұлттық жерсеріктік оператор «Қазақстан телекоммуникациясы» ЖАҚ компаниясы бекітілді. Компанияның президенті болып Серік Бүркітбаев сайланды. Ол кезде – елімізде Intelsat 703 жер серігінің бір сәулесі 57° E бекітілген болатын (кейін, жер серік Нидерланды операторы New Skies Satellites компаниясына сатылған соң, NSS-703 болып атауы өзгертілді), оның қамту аумағы – Қазақстан, Орта Азия, Ресейдің Еуропалық бөлігінің оңтүстігі, Батыс сібірдің оңтүстігі, Қытайдың солтүстік-батысы мен Батыс Моңғолияны құрады.
1996 жылдың ақпан айында Алматыда Қазақстандағы телекоммуникацияларды дамыту жөніндегі тұңғыш халықаралық конференция өткізілді. Оның басты тақырыбы – Ұлттық Жерсеріктік телерадиохабар тарату және Мәліметтер жіберу жүйесін талқылау мен осы жүйені құру үшін тендер жариялау болды. Конференцияда көп түрлі ұсыныстар түсті, солардың нәтижесінде негізгі серіктес ретінде – COMSAT компаниясын анықталды.
1997 жылдан бері компания «Орталық Азиядағы желілік компьютерлік қосымшаларға арналған жаңа нарықтарды дамыту» (DENEMA) жобасының негізгі орындаушысы болды, бұл жоба Орталық Азия елдерінде ЮНЕСКО мен Еуропалық комиссияның қамқорлығымен жүзеге асырылған еді.

2000 жылы компания телемедицина саласындағы халықаралық TeleInVIVO жобасына қатысты. Жобаға қолдау көрсету үшін «Katelco» жүйесінің шағын шағын VSAT-стансалары қолданылды.
2001 жылдың 4мамырында компания бұрын Lucent Technologies америкалық компанияның иелігінде болған «Nursat» компаниясының 41,25% акциясын сатып алу бойынша келісім-шартты аяқтады.
2007 жылдың орта шеніне қарай ұлттық жерсеріктік телехабар тарату операторы акциясының небәрі 37,36 пайызы ғана мемлекет қолында болды. Алайда жылдың соңына қарай компания активтерін мемлекеттің иелік етуі толығымен қалпына келтірілді. Акциялардың мемлекеттік пакеті «Самғау» Ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» Акционерлік қоғамына берілді. Кейінірек «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» Акционерлік қоғамы («Арна Медиа» ҰАХ» АҚ, 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен) компанияның жалғыз акционері (100 пайыз акция) атанды.
2010 жылы мемлекеттік «Хабар», «Қазақстан» телерадиокомпаниялары, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері, «Қазақпарат» ақпараттық агенттігі, «Қазақстан телекоммуникациялары» және «Қазтелерадио» инфокоммуникациялық компанияларын бақылайтын «Арна Медиа» ҰАХ» АҚ қысқартылып, бұл ұйымдардың барлығы Байланыс және ақпарат министрлігінің қарамағына көшірілді.
2010 жылдың мамыр айында ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде Қазақстан Республикасында сандық телехабар таратуды ендіруді белсенділендіру және ары қарай дамыту, телерадиохабар тарату, мәліметтер тжіберу мен Интернет саласында ортақ техникалық дамыту саясатымен қамтамасыз етіп,жаңа технологияларды ендіру, осы саладағы бүкіл телекоммуникациялық желіні жедел басқарып отыруға мүмкіндік беретін технологиялық тізбек құру мақсатында «Қазтелерадио» Акционерлік қоғамы, «Қазақстан телекоммуникациялары» Акционерлік қоғамы мен «KazSatNet» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
2010 жылы 11 желтоқсанда «Қазақстан телекоммуникациялары» АҚ жерсеріктік желісі жерсеріктік хабар таратудың жаңа DVB-S2 MPEG 4, 8 PSK стандартына көшірілді. Жаңа стандарттың ерекшелігі – стандарттық шешімдегі арналардың санын арттыруға мүмкіндік туғызу мен айқындылығы жоғары (HD-форматтағы) арналарды көрсете алуында. Сондай-ақ сандық жерсеріктік телерадиохабар тарату отандық телебағдарламаларды шалғай жатқан аумақтарына жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік туғызды.
Осы сәтте «Katelco+» жерсеріктік телехабар тарату желісінің 6500 абоненті автоматтық түрде жаңа ұлттық жерсеріктік «Otau TV» желісінің абоненттері атанды.
Сәтті жүрген тестілеуден соң 2011 жылдың 18 қаңтарында жерсеріктік желісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде қосылды.
ҚОСЫЛУ
2011 жылдың 18 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елімізде «OTAU TV» Ұлттық жерсеріктік сандық телерадиохабар тарату желісі қосылды.
Қазақстанның шалғай орналасқан елді мекендерінің тұрғындарына 37 отандық және шамамен 50 шетелдік телерадиоканалды көруге мүмкінді береді.
Президент сандық бақылау және мониторинг орталығында сандық телерадиохабар таратуды енгізу бағдарламасымен танысып, жерсеріктік телерадиохабар тарату контентін кодтау мен мультиплекстеуге арналған құрал-жабдықты қарап шықты.
Жерсеріктік сандық телекөрсетілім желісін қосу – ұлттық телехабар таратуды жаңа сандық технологияларға ауыстыру жұмыстарындағы бірінші кезең болып табылады. Бұл жоба президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған, әрі Қазақстан Республикасының 2020-жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарының бірі болып табылады, ең алдымен республиканың түкпір-түкпіріндегі тұрғындар арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға бағытталған.
2011 жылдың 31 қаңтарында ҚР Үкіметінің №48 қаулысымен «Қазтелерадио» АҚ-на «Қазақстан телекоммуникациялары» АҚ қосылды.
Жерсеріктік хабар таратудың жаңа жүйесін енгізгелі республика халқы, оның ішінде шалғай жатқан елді мекен тұрғындары тұңғыш рет 37 республикалық және жергілікті телерадиобағдарламаны тегін қабылдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, абоненттер ақылы негізде түрлі тақырыптағы 50 шетелдік телеарнаны қабылдай алады.
Жерсеріктік «OTAU TV» желісіне қосылу үшін тұрғындарға ресивер, қолжетімдік карта, қалқан, МШУ (конвертер) және дәнекер материалдардан тұратын клиенттік топтама сатып алуы керек. Қосылуды әр тұрғынның қалтасы көтермейтіндіктен мемлекет тұрмысы нашар отбасыларына көмек беретін болды.
ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі сандық жерсеріктік телехабар таратуды дамыту саласында облыстық әкімдіктермен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Ол келісім әлеуметтік жағдайы тқмен тұрғындарға қондырғыны сатып алып, орнатуға жәрдемақы төлеуді қарастырады.
Сондай-ақ, абоненттердің арыз-шағымдарына жедел жауап беруді қамтамасыз ету мақсатында 193 нөмірімен қолданушыларға ақпараттық қолдау көрсететін ортақ Орталық (Call-center) ұйымдастырылды.
Ұлттық телерадиохабар тарату желісін құрудың келесі кезеңі – қазіргі эфирлік хабар таратуды сандық DVB/T2 стандартына ауыстыру болды. Қазіргі уақытта сандық эфирлік хабар тарату тестілік тәртіпте қосылды. Жобаны жүзеге асыру 2011-2015 жылдарға межеленген, әрі бүкіл ел аумағын сандық эфирлік желімен толық қамтуға бағытталған.