«ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ
Қызылорда қаласында мамыр айынан бастап «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы қызмет көрсетіп келеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Орталықта заңгерлік кеңес беру, психологиялық көмек, әлеуметтік-тұрмыстық, кәсіпкерлікке баулу дағдыларын үйрету, бос уақыттарын тиімді үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні бекітілген жоспарға сәйкес 37 мәдени шара мен семинар-тренинг өткізілген.
Орталық қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жеке меншік мекемесі жүзеге асыруда.
Орталық К.Байсейітова көшесі №84 ғимаратында орналасқан.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінде орналасқан облыстық мүгедектерге арналған оңалту орталығы – өмірдің қиын жағдайына тап болған ерекше жандардың басын қосатын, оларды жаңа өмірге бейімдейтін, қалыпты өмір дағдыларына оралуына ықпал ететін бірден-бір мекеме.
Осындай орталықтың біздің облысымызда ашылып, қызмет көрсетіп жатқанына әне-міне дегенше биылғы жылдың қыркүйек айында он жыл болады екен. Қызылорда облысының мүмкіндігі шектеулі азаматтарына осындай орталықтың бары үлкен мүмкіндік дей келе осы сала қызметкерлерінің арқасында тіршілік тынысы тарылып, өмірлік қиын жағдайда душар болған қамкөңіл жандар өмірге бейімделіп, еңсе тіктейді. Өмірге өкпелі, айналасынан жәрдем күтетін азаматтардың қайғысы мен қиындығын солармен бірдей бөлісіп, еңсеруге бірге атсалысатын сала қызметкерлері үлкен құрметке ие.