"Теріс пиғылы бар": Қорғаныс министрлігі әскери әйелдің мәлімдемесін жоққа шығарды
Қорғаныс министрлігі әскерде қысым көрген қызметкерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz агенттігіне сілтеме жасап.
“Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша А.Б. Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісінің нәтижесінде А.Б. Елшібаеваның арызында көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Бұған дейін, 2022 жылдың 6 мамырында Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы А.Б. Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады.
Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Б.Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады.
Айта кету керек, бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.
Биылғы жылдың 3 мамырында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз”, – делінген хабарламада.