"Екі жақты келісіммен молдаға некемізді қидырып, беташар өткізгенбіз": 24 жастағы қызды алып қашып, артынша зорлады деп айыпталған азамат өз шындығын айтып берді

233

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында “қызды алып қашып, түні бойы зорлады” деп айыпталған азамат оқиға туралы бар шындықты айтып берді. Сөзінше, араларындағы жағдайдың бәрі екіжақты келісіммен болған. Бұған қоса ер азамат қыздың анасы жала жапқанын сөз етті, деп хабарлайды Opennews.kz агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

 

Фото: polisia.kz

Бұған дейін 24 жастағы шымкенттік бойжеткеннің анасы ер адамның қызын алып қашып зорлағанын айтып, "Не молчи" қорынан көмек сұраған болатын. Анасы қызын ер азаматтың үшінші кездесуінде алып кеткенін, үйіне алып барған соң телефонын тартып алып, ешкіммен байланыстырмай қойғанын айтқан. Артынан азаматты қызын “пәк емессің” деп түннің жарымында үйінен қуып шықты деп айыптаған. Алайда бізбен байланысқан ер адамның туыстары және қызды алып қашты деген 34 жастағы азаматтың өзі бұл айтқандарды жоққа шығарып отыр. 


Ерболаттың (есімі өзгертілген – ред.) айтуынша, ол қызбен ақпан айының соңында “ВКонтакте” желісінде танысқан. Бұдан соң жиі хат алмасып, 2-3 рет кездесіп үлгерген екен.


1 мамыр күні туған күнім болды. Ауылға барып, достарымызбен бірге табиғат аясына демалуға шықтық. Ол қыз да менімен бірге барды. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып тұрған соң, отбасын құрайық деген шешімге келдік. Осылайша оның отбасымен танысып, “тәтті шай” рәсімін өткізіп үлгергенбіз. Ата-анасы келісімін беріп, ойнап-күліп, бәрі жақсы көңіл-күйде отырған. Бірақ ата-анасы үйлерінде жөндеу жұмыстарын жасап жатқанын айтып, үйлену туралы жоспарымызды әзірге кейінге қалдыра тұруымызды сұрады”, – дейді ол. 



Сөзінше, бойжеткеннің өзі кездесіп жүрген азаматының алып қашуына қарсы болмаған. 


Кейін мәселе ұзаққа созылып кеткен соң ақ-қарасын білу үшін онымен кездесуге бардым. Ол әке-шешесінің рұқсат етпей отырғанын айтты. Егер ата-анаң рұқсат бермейтін болса, “бәрін осы жерден доғара салайық” дедім. Ол да келісіп, айырылысып кеткен сияқты болғанбыз. Алайда қыз келесі күні маған хабарлама жазды. “Әке-шешемді күтсем, біраз жүріп қалатын секілдімін. Ең дұрысы, сіз мені алып кетіңіз” деді. Ақырында келісіп, 28 мамыр күні базарға барып, үйде киеді деген оймен екі-үш халатын, артынан алтынын алып бердім. Одан шығып бизнес-тренингке қатысып, кешке қарай менің ауылдағы үйіме жолға шықтық. Қызылкөпірден достарымыз күтіп алып, сонда дәмханада отырып қайттық”, – дейді 34 жастағы азамат. 




Кейін қызды Шақпақ ауылына әкеліп, келін қылып түсірген. Ару бәріне көніп, ер адамның туған-туысқан ақ орамалын тағып, тойдың қамына кірісіп кеткен екен. 



Артынан қуғыншыларды қыздың үйіне жібердік. Олар түнгі сағат 00:00 шамасында Шымкентке қыздың үйіне жетті. Әке-шешесі, атасы, аға-жеңгесі біздің кешірімге барған адамдарды күтіп алып, батасын беріп, оларды шығарып салған. Қалыңмал ретінде 1,5 миллион теңге апарғанбыз, оны да қабылдап алған екен. Ертесі күні таңертең 10-11 шамасында қуғыншылар келді. Оның арасында өзінің туған сіңлісі мен інісі, басқа да аға-жеңгелері бар. Сол күні сағат үште беташар болады деп жоспарлап қойғанбыз. Үшке он-он бес минут қалғанда қуғыншылар беташарға кедергі болмайық деп кетіп қалды. Беташар өткеннен кейін қараңғы болмай тұрып, молда шақырып, некемізді қидырдық. Қуғыншылардың келген кезі, беташар, барлығының видеосы бар”, – дейді ер адам. 





Азаматтың айтуынша, ертесі шешесі қайта-қайта хабарласып, “жағдайың қалай, дұрыс па?” деп сұрай берген көрінеді.


Шешесінің бұл қылығына ызаланып, телефоныңды тартып аламын деп айтқанмын. Ақырында 30 мамыр күні түнгі сағат 23:00 шамасында ата-анасы, өзге де туыстары келіп, қызбен жеке сөйлесті. Сөйтіп заттарын жинап “қолыма қондырдым деп отырған құсымды” алып кетті. Бірақ мен оған бұл жағдайдан бұрын “егер шешең келіп, осы үйден кетсең, қайтып әкелмеймін” деп айтқан болатынмын”, – дейді ол. 


Алайда арудың ата-анасы қыздарын алып кетсе де, Ерболаттың апарған қалыңмалын қайтармаған. 


Кетерінде қыз “мені кешіріңіз, келтірген шығынның бәрін көтеремін” деп айтқан болатын. Алайда мен ешқандай шығын талап етпедім. Бірақ қалыңмалды қайтаруды сұрағаным рас. Қызды алып кеткеннен кейін, түнде барып, қалыңмалды санап алдық. Сол жер ат құйрығын кесістік”, – дейді азамат. 


Ер адам бұдан бұрын ажырасқанын мойындап отыр. Бұрынғы жарымен араларында бала болмағаннан кейін екі жақты келісіммен, еш ұрыс-керіссіз ажырасқан.


“Анасына сол жағдай ұнамай қалса керек. Бұның алдында ол кісінің анау-мынау адамды ұната бермейтінін, өзіңді пысық адам ретінде көрсетуімді сұраған еді”, – дейді ол. 



Айырылысқан соң бір аптадан кейін қыздың өзі азаматқа әлеуметтік желіден жазып, мұсылманша неке қидырғаннан кейін талақ беруін сұраған. 



Екі-үш күннен кейін кездесіп, бетпе-бет сөйлестік. Сол кезде ол әке-шешесінің екі адвокат жалдағанын, ал олар істен ештеңе шықпайтындықтан бас тартқанын айтты. Тіпті, бір адвокатқа берген ақшасын ала алмай жүрміз деген. Анасының айтуымен полицияға да барып, арыз жазған екен. Бірақ маған құқық қорғау органдарынан ешкім хабарласып, іздеп келмеді. Одан бөлек, қыз өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Шешесі жақсы көретін болса, қайта апарайын деп те айтқан екен. Бірақ өзі осы мазақ қылғанымызда жетер деп, бас тартқан. Сол жерде сұрағын талағын беріп, қош айтыстық. Одан кейін мүлде сөйлеспедік. Бұдан бұрын қыз екі рет тұрмысқа шықпақ болған екен. Тағы да анасы ешкімді жақтырмай, қарсы шыққан. Олармен осылай жанжалдасқан жағдайлар болған деп естідім”, – дейді ер азамат. 



Сондай-ақ ол қызды “пәк емессің” деп айыптамағанын, керісінше бар жағдайды сол күйі қабылдағанын айтады.

 

Туған күнімде ол маған сыйлық жасады. Ішінде хат жазылған екен. Сол жерде маған сезімін білдіріп, өзінің пәк екенін жазыпты. Алайда неке түні олай болмай шықты. Маған гинекологқа барайық деді. Бірақ мен оны сол қалпында қабылдайтынымды айттым. Ештеңені бетіне басқан жоқпын. Барынша алып қалуға тырыстым. Кейін мүмкін алып кеткені де дұрыс болды ма деп ойладым. Өйткені анасы өмірімізге араласа беретін болса, ақыры айырылысып кетер ме едік? Қыздың өзі де шешесінің мінезі ауыр екенін, ешкімді жақтыра бермейтінін, үйінде билік жүргізетінін айтып отыратын. Бәріне анасы кінәлі деп ойлаймын. Екіжүзді болмай-ақ басында қалыңмалды қабылдамай, сол алып қашқан күні-ақ қызын алып кетсе де болар еді. Ертесі күні беташар болып, неке қиылып қойғанда істеп отырғаны осы”, – деп қапаланады Ерболат.




Қызға ешқандай айып тақпайтынын айтқан жігіт анасы тағы да өзіне қатысты жалған мәлімдемелер жасайтын болса, құқық қорғау органдарына шағымданамын деп отыр.