Елімізде мектепке баратын әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы балаларының жалпы саны 475 мыңды құрайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрлік биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгерісті енгізді. Біріншіден, материалдық көмек ата-ананың есепшотына түседі. Екіншіден, егер бұрын бір балаға бөлінетін қаржы әр өңірде әрқалай, 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, биыл оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек.
"Алайда, қолдағы ақпаратқа сәйкес, 6 өңір (Абай, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары) балаларға мектеп формасын және кеңсе тауарларын алуға жеткіліксіз қаражат бөліп отыр. Осыған орай, әкімдіктерге қажетті қаражатты бөле отырып, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының қолжетімді болуы үшін кешенді жұмысты жүргізуді сұраймыз", - деді Аймағамбетов өз баяндамасында.
Сонымен қатар 7 өңірде (Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары) 1-4 сыныптардың оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
"Ақмола және Маңғыстау облыстарында барлық 1-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Жаңа оқу жылынан бастап Алматы қаласының 1-4-сынып оқушылары да бюджеттен ыстық тамақпен қамтылады. Бұл балалар жылы аясында қабылданған өте жақсы шешім. «Қазақстан халқына» қоры есебінен аз қамтылған отбасында тұратын үлгерімі нашар 350 мың бала «Цифрлық ұстаз» жобасы арқылы қосымша білім ала бастайды. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде түрлі ұйымдар, бизнес және белсенді азаматтар 500 мыңға жуық баланы мектепке даярлауға көмектесуде", - деді Асхат Аймағамбетов.