ЖАСТАРМЕН ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУ
Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сондықтан олардың қызығушылықтарына ден қойып, дамытуға жол ашу аса маңызды жұмыстардың бірі. Осы ретте бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменов «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған еркін форматтағы кездесуге қатысты.
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай өткен кездесудің мақсаты - «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысу және қала жастарының түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, емен-жарқын әңгімелесу.
Ашық пікірлесу форматында өткен кездесуде қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтіп, жастар саясатын қолдауға бағытталған бағдарламаларға тоқталды.
Шаһар басшысы жастардың айтқан ұсыныстарын негізге ала отырып, мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін білімдері мен күш-жігерлерін туған өлкенің өсіп-өркендеуіне жұмсауларына тілектестігін білдірді.
«Жастардың қызығушылығына сәйкес жастар апталығын 12 тамыз күні кешкілік орталық алаңда заманауи DJ-лердің қатысуымен би кешімен қорытындыламақпыз. Қала жастарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, жастар күніне орай өтетін шаралар легіне белсене қатысуға шақырамын», – деді орталық директоры Әліби Төлепбергенұлы.
Айта кетерлігі, «Qosyl» жастар орталығының ұйымдастыруымен «Арбат» бойында әр аптаның бейсенбі күні – «PING-PONG», жұма күні – «Караоке Battle», сенбі күні – «Кино TIME» жобалары тұрақты түрде өткізілуде. Осы және өзге де қала жастарына қатысты күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар «qosylbot» телеграм-бот және «qosyl.mrc» инстаграм парақшасында жариялануда.