САУДА НЫСАНДАРЫ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

147
Жуырда ҚР Бас Прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, облыстық прокуратурамен құзырлы органдар тарапынан қаладағы 7 ірі сауда нысанына кешенді тексеру шаралары жүргізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Нәтижесінде сауда нысандарында жер, сәулет-құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринария, салық, көші-қон, еңбек және экология салаларындағы заңнамалардың өрескел бұзылу фактілері анықталды.

Осы және өзге де мәселелерді талқылап, орын алған кемшіліктерді жою мақсатында бүгін қалалық әкімдіктің мәжіліс залында шаһар басшысы Асылбек Шаменовтың төрағалығымен келелі кеңес өтті.
Атап айтқанда, жекелеген сауда нысандары "Сыбаға", "Асбол" базарлары мен "Мирас", "Жайна", "Айт-Бек" сауда үйлерінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу деректері орын алған. 

 Мәжіліске қатысқан аталған сауда үйлерінің басшыларын қатаң сынға алған шаһар басшысы Асылбек Шаменов: 
 «Бұл уақытқа дейін адам өміріне немқұрайлы қарап, осындай кемшіліктерге жол беріп келдіңіздер. Қала халқының ең көп шоғырланатын жерлеріне иелік етесіздер. Бизнес тек ақша табумен шектелмейтінін ескеріңіздер» деді.

 Сондай-ақ, шаһар басшысы арнайы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік нысандар, сауда үйлері мен базарларға қатысты нақты жұмыстардың жүргізілмегендігін атап өтіп, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Қалдыбайұлына ескерту жасады.
Қала әкімі қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ерлан Амантайұлына да бірқатар тапсырма жүктеді. Қазірде кейбір сауда орындарында санитариялық талаптар сақталмай, тиісті шаралар қолданылмауда. Бұл тұрғыда бақылауды күшейту қажет екендігі міндеттелді. 

Мәжілісте қала прокурорының орынбасары Бек Тастайбекұлы жиналысқа қатысып отырған кәсіп иелеріне қандай жағдайларда арнайы құзырлы мемлекеттік органдар базарлар мен сауда үйлерін тексере алатыны жөнінде құқықтық негізде кеңінен түсіндіріп өтті.

Қала аумағындағы барлық кәсіп иелері аталған талаптардан бөлек, нысандарының кескін-келбетіне, жарықтандырылуына, әрленуіне, санитариялық тазалығына жауапты. Сондықтан қажетті шаралар қолға алынып, тұтынушыға қолайлы жағдай жасалуы қажет. Қала әкімі Асылбек Шаменов тиісті салалардың, сауда үйлері мен базар басшыларына сын-ескертпелерден нәтиже шығаруды тапсырып, жіберілген кемшіліктерді түзеуге уақыт берді.