"Беделді шенеуніктің туысы": Қызылордалық ана қызын қаққан жүк көлігінің жүргізушісі жазасыз қалды деп шырылдайды

288

Фото: Лаура БөкебайҚызылорда қаласының тұрғыны Лаура Бөкебаева жеті жылдан бері әділдік іздеп, талай құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып келеді. Қызы Кәусар жүк көлігі қағып кеткеннен кейіп, эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан. Анасының айтуынша, бірнеше ота жасалған жеткіншектің денсаулығы нашарлап барады. Лаура Бөкебаева перзентін осындай жағдайға душар еткен автокөлік жүргізушісінің жазадан сытылып кеткеніне наразы, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.


Лаура Бөкебаева бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр. Қолынан келгенше перзенттерін қатарынан қалдырғысы келмейді. Алайда қызылордалық ана 13 жасар қызының жағдайына қатты алаңдайды. Жеткіншектің күннен-күнге көз жанары сөніп барады. Кеселді дертті емдеуге отандық дәрігерлер шарасыз екендерін мойындапты.

“Кәусарым туа бітті науқас емес. 2016 жылы қызымды “Камаз” автокөлігі қағып кетті. Өте ауыр жағдайда ауруханаға түсті, басына ауыр соққы алған. Бел омыртқасы мен аяғына ота жасалды. Дәрігерлер бірнеше тәулік қызымның өмірі үшін күресті. Сол уақыттан бері қызым ұдайы ем қабылдап келе жатыр. Екі рет өз қаражатыма ота жасаттым. Бірақ денсаулығы оңалар емес”, деп ашынады Лаура Бөкебаева.


Кәусарды қағып, мүгедек еткен жүк көлігі аймақтағы “Қызылорда тазалығы” мекемесіне тиесілі болып шықты. Үш баланың анасы бірнеше мәрте құқық қорғау органдарына шағымданса да, қылмыстық іс тоқтатылып, жүргізуші жауапқа тартылмаған. Тіпті жол апатынан зардап шеккен қыздың анасынан кешірім сұрап, материалдық тұрғыда көмек берілмепті. Ай-күннің амандығында сау қызын мүгедек еткен адамның осылайша жазаға тартылмағаны қызылордалық әйелге ауыр тиіп отыр.

“Менің естуімше, автокөлік жүргізушісі аймақтағы беделді шенеуніктің немере інісі екен. Сол себепті құқық қорғау органдары еш әрекетсіз отыр. Мен “Қызылорда тазалығы” басшылығына барғанымда, мекеме қызметкерлері қызыма ақша жинағандарын білдім. Бірақ өз басым “Камаз” жүргізушісінен ешқандай қаражат алған емеспін. Ол жиналған қаржыны жеке басына жұмсап жіберген. Бұл жерде ешкім менің Кәусарымның жағдайына алаңдап отырған жоқ”, - дейді ана.


Лаура Бөкебаева құқық қорғау органдарына шағымдануын тоқтатпақ емес. Алайда әділдіктің орнап, кінәлі адамның жазаға тартылатындығына сенімі күннен-күнге сөніп бара жатыр.
Аталған мәселеге орай Қызылорда облыстық полиция департаментінен ресми ақпарат сұратқан болатынбыз.

“Жол-көлік оқиғасы 2016 жылдың 18 ақпанында Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылы Сексенбаев көшесінің бойында орын алған. Жолды оңнан солға қарай жүгіріп өтпекші болған кәмелетке толмаған жасөспірімді «Камаз» автокөлігі қағып кеткен. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Зерттеу сараптамасының қорытындысына сәйкес, автокөлікті шұғыл тежеу арқылы жаяу жүргіншіні қағып кетуді болдырмауға техникалық мүмкіндігі болмағаны анықталды. Осыған байланысты қылмыстық іс ақталатын негізбен тоқтатылып, қабылданған шешім прокурормен келісілді”, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.